Қазақстандағы балалар құқығы жеті жыл бойы қорғалуда

Осыдан тура 7 жыл бұрын, 2016 жылдың 10 ақпанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (ерікті негізде) лауазымы құрылды. Ал осы кезеңнің жартысын, 2019 жылдың 18 шілдесінен бастап Қазақстанның барлық балаларының құқықтарын «Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қорының негізін қалаушы және директоры Аружан Саин қорғап келеді. Ал 2022 жылдың қыркүйек айына қарай барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда балалар омбудсмендері пайда болды.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты алғаш рет ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы №345-II «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 7-1-бабында бекітілген. Бірақ тек «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылғы 9 сәуірдегі №501-V ҚР Заңына сәйкес,  «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заң Балалар омбудсменінің өкілеттіктерін айқындайтын 7-2-баппен толықтырылды. Ал осыдан сәл ертерек, 2016 жылдың 10 ақпанында бұл қызмет президент жарлығымен бекітілген болатын.

Заңда Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің негізгі мақсаттары балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР Үкіметінің жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия, түрлі министрліктер мен ведомстволар, Сенат комитеттері және ҚР Парламентінің Мәжілісі сияқты мемлекеттік және қоғамдық мекемелермен бірлесіп, балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру болып табылатыны анықталды.

Бірақ қазір мұның да жеткіліксіз екені байқалады. 19 миллионнан астам халқтың үштен бірін 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер құрайтынын, жыл сайын балалардың құқықтарын бұзу көрсеткіші артып келе жатқанын, БАҚ пен әлеуметтік желілерде балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері жиі айтылатынын ескерсек, Уәкіл мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлеріндегі кеңсесі мен өкілдігінің жұмысын айқындайтын «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жеке заң қажет.

Әзірге бұл заң жобасы Парламентте әзірлеу, талқылау және қабылдаудың барлық сатысынан өтіп жатқанда барлық 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада өңірлік балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер пайда болды. Олардың әрқайсысы ерікті негізде әкімнің кеңесшісі және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары функцияларын атқарады.

2022 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспановамен балалар омбудсмендерінің кездесуі өтті, отырысқа Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да онлайн-конференция арқылы қатысты.

Бүгін біз сіздермен барлық 20 өңірлік Уәкілдің байланыс деректерімен бөлісе аламыз –телефондар (whatsapp арқылы), электрондық пошта мекенжайлары, Facebook және Instagram әлеуметтік желілердегі аккаунттары.

Сондай-ақ, мұнда балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің қызметінің мақсаты мен міндеттерін, олардың не істей алатынын, кіммен және қандай нысандарда өзара іс-қимыл жасау керектігін, қандай этикалық принциптерге сүйенетінін сипаттайтын құжатты таба аласыз. Уәкілдің ресми сайтындағы «Байланыстар» бөлімінен қараңыздар.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдерді облыс әкімдері тағайындайтынын және олардың алдында жауапты екенін есте ұстаған жөн.