Балаларға білім беру

Құрметті ата-аналар, қамқоршылар (баланың заңды өкілдері), егер қандайда бір жағдайда  балаңыздың білім беру саласына  қатысты  құқықтары бұзылды деп санасаңыз, онда сіз:

  1. мәселені шешу және баланың құқықтарының бұзылуын жою үшін алдымен балалар мекемесінің әкімшілігіне хабарласыңыз;
  2. егер әкімшілік жеткілікті уақыт ішінде мәселені шешу үшін ешқандай шара қолданбаған жағдайда тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша аудандық білім бөліміне өтінішпен (шағыммен) жүгініңіз (міндетті түрде жазбаша түрде!). Олар 15 күннің ішінде сізге жазбаша түрде жауап қайтаруы тиіс;
  3. егер қандай да бір себептермен алынған жауаппен келіспеген немесе қанағаттанбаған жағдайда  аудандық білім бөлімінің жауабының көшірмесін қосып, республикалық маңызы бар облыстың / қаланың білім басқармасына жүгінуіңіз керек (міндетті түрде жазбаша түрде!);
  4. егер бұл жауаппен де келіспеген немесе қанағаттанбаған жағдайда ары қарай саты бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгініңіз;
  1. егер аталған уәкілетті органдардың бірде-біреуі сіздің мәселеңізді шеше алмаған және баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете алмаған жағдайда сіз бірінші сатыдағы сотқа жүгіне аласыз (жалпы юрисдикция немесе мамандандырылған);
  2. жоғарыда аталған кез келген кезеңде сіз баланың құқықтарын қорғау үшін  прокуратураға жүгінуге құқылысыз. Ескерту: бастапқыда сіз өзіңіздің ауданыңыздың прокуратурасына жүгінесіз.

Уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну үшін:

• өтінішті (шағымды) кеңсеге өзіңіз әкеле аласыз;

• өтінішті (шағымды)  табыс етілгені туралы хабарлама беретін тапсырыс хатбен жібере аласыз;

• өтінішті (шағымды) азаматтарға арналған электронды Үкімет порталы арқылы жіберуге болады (egov.kz).  

Уәкілетті мемлекеттік органдардың байланыс мәліметтерін Қазақстан Республикасының облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерінің ресми сайттарында табуға болады:
https://egov.kz/cms/ru/information/state_agencies/political_division

Егер барлық өтінішіңізден кейін ешқандай шара қолданылмаса немесе мемлекеттік органдардың әрекеттері баланың құқықтарын қорғау үшін жеткіліксіз деп санасаңыз барлық өтініштер мен оларға берілген  жауаптардың көшірмесін қосып,  Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі Уәкілге жазбаша түрде жүгіне аласыз.

МАҢЫЗДЫ!

Егер жағдай өте қиын болса және басынан бастап Уәкілдің жеке бақылауын қажет етсе  Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі Уәкілмен тікелей жазбаша түрде байланысуға болады:

E-mail: info@bala-ombudsman.kz
WhatsApp: +7 (777) 678-75-90 (тек хабарламалар үшін)

Нормативтік-құқықтық база:

Қазақстан Республикасының Конституциясы – 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы – ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы №345 Заңы

Білім туралы – ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III Заңы