Мәртебесі мен өкілеттіктері

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң мәртебесi мен өкiлеттiгi «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы №345-II заңында айқындалған.

Заң сонау 2002 жылы қабылданғанымен, ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» 2016 жылғы 10 ақпандағы №192 Жарлығы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2016 жылғы 9 сәуірдегі №501-V Заңынан кейін ғана жоғарыда аталған Заң балалар омбудсменінің мәртебесі мен өкілеттіктерін белгілейтін 7-1 және 7-2-баптармен толықтырылды.

7-1-бап. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты

1. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институтын Қазақстан Республикасының Президенті құрады және ол өз қызметін балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында қоғамдық негізде жүзеге асырады.

2. Баланың құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі:

1) заңдылық;

2) тәуелсіздік;

3) балалар үшін қолжетімділік;

4) баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;

5) объективтілік;

6) жариялылық қағидаттарына негізделеді.

3. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 9 сәуірдегі №501-V Заңына сәйкес Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттіктері айқындалған «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заң 7-2-баппен толықтырылды:

7-2-бап. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл

Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында:

1) баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты өтініштерді және баланың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың, кәсіпорындардың, олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;

2) баланың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін кедергісіз іске асыруға және қалпына келтіруге жәрдем көрсетеді;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;

4) білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс, мәдениет және спорт жүйелерінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ұсталатын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне баруға кедергісіз қол жеткізеді;

5) баланың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына кедергісіз қол жеткізеді;

6) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді орындайды.