Өтініштеріңіз

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі Уәкілдің негізгі функционалдық міндеттерінің бірі балалардың құқықтары, бостандығы мен заңды мүдделері бұзылуына қатысты өтініштерді қарау болып табылады:

1) орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар мен ұйымдардың, кәсіпорындардың, олардың лауазымды тұлғаларының баланың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін бұзатын шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) байланысты шағымдарды қарау;

2) баланың бұзылған құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін кедергісіз жүзеге асыруға және қалпына келтіруге көмек көрсету.

Маңызды!

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді (ары қарай – ӘРПК). Оған сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, тіркеу, есепке алу және қарау тәртібі айтарлықтай өзгерді.

Әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды ресми үндеу деп санауға бола ма деген сұрақ жиі туындайды. Олардың ең көп тарағаны белгілі бір тұлғаны немесе уәкілетті органды «белгілеу» болып табылады. Тіпті, кейде қала мен облысқа сілтеме жасамай, түрлі тексерілмеген жарияланымның астында  әртүрлі тұлға немесе уәкілетті органды «белгілеушілердің» «әлеуметтік тобы» пайда болды. Олар уәкілетті орган немесе тұлға дереу осы «мәселемен айналысып», нәтижесін міндетті түрде «белгіленгендерге» хабарлауы керек деп есептейтін көрінеді. «Белгілеуді» қандай да бір тұлғаның немесе уәкілетті органның назарын сол мәселеге аудару тәсілі ретінде пайдалануға болады, бірақ одан ары нәтиже шықпайды.

Әлеуметтік желілердегі мағыналы жарияланымдардың өзін ресми үндеу деп атау қиын.  Егер тек оларды «ауызша жолданымға» теңестірмесек. Бұл жағдайда ӘРПК-нің 63-бабының 1-тармағында былай делінген: «Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді».Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (Уәкіл) әкімшілік органның лауазымды тұлғасы да, қызметкері де емес және ол өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-тармағындағы 23-тармақшасында – лауазымды адам – «Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген адам» делінген. Яғни, Уәкілдің өзі кез келген мәселені шешу үшін азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде тиісті уәкілетті органға сауал жолдайды. Сауал жолдау кезінде Уәкіл ӘРПК-нің 63-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті: «Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген жолданымда, хаттамада:

1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);

2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

3) жолданымның мәні;

4) жолданымның берілген күні;

5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі».

Сондықтан біз Уәкілге талаптары ӘРПК-те белгіленген ресми өтініштер жолдауларыңызды сұраймыз. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ! 64-баптың 1-тармағында: «Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады» деп анық жазылған.

Бүгінгі күні «Мен сізді белгіледім, неге әрекет етпейсіз! Бірақ ештеңеге қол қоймаймын» деген көзқарас қалыптасқан. Әрине, нәтиже керек болмаған жағдайда ештеңе жасамай-ақ қойыңыз. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеудің жаңа тәртібіне сәйкес әрбір (!) өтініш бойынша міндетті түрде «әкімшілік процедура» басталады.

Өтініштің барысы, оны бақылау және нәтижелерін рәсімдеу ӘРПК-де толық көрсетілген. Сондықтан өтініштеріңізді жолдаңыздар да, міндетті түрде қол қойыңыздар!

Сіздердің өтініштеріңіздің негізгі тақырыптарын төменде белгіледік  ….

Балаларға білім беру

Балалардың денсаулығы

Балаларды әлеуметтік қорғау

Тұрғын үйге қатысты мәселелер

Құқық қорғау қызметі