Ұрлау – қылмыс, ал балалардан ұрлау – еселенген қылмыс

2021 жылдың 26 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл  Аружан Саин ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) аймақтық бөлімшелері басшыларының онлайн-кездесуіне қатысты.  Отырыста, басқа мәселелермен қатар, мамандандырылған балалар мекемелеріне жүргізілген қаржылық аудиттің нәтижелері талқыланды …

2020 жылдың тамызында Бағанашылдағы No1 Алматы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл  Аружан Саинға жүгініп, мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек түсетін шоттарынан ақша жоғалғанын мәлімдеді.  Дәлел ретінде олар банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алу, дүкендердегі төлем, басқа адамдардың карталарына  аударымдар жасау сияқты  бірнеше жыл бойы ақшаның қозғалысы көрсетілген  шот көшірімдерін ұсынды.

Балалар омбудсмені бірден құқық қорғау органдарына және Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу Департаментіне (ЭТД), ҚМА аймақтық бөлімдеріне  істі жіті бақылауға алып, қылмысқа жауапты адамдар тобын анықтауды талап етіп, хат жолдады.

Сонымен қатар  ол барлық интернаттық мекемедегі  балалардың есепшоттарындағы ақшаның  сақталуын,  сондай-ақ осы балалар үйлерінде тәрбиеленушілердің мемлекеттік жәрдемақы алу немесе тағайындау құқығының бұзылу фактілерін тексеруді сұрады.

Алматы қаласы бойынша ЭТД қызметкерлері жақында Бағанашылдағы No1 Алматы облыстық балалар үйінің қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Тергеушілер әлеуметтік педагогтардың бірі асыраушысынан айрылуына және мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындалған балалардың қаражатын иемденіп, ысырап еткенін анықтады. Нәтижесінде балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аса ірі көлемде – жалпы сомасы 68,5 миллион теңгеге материалдық шығын келтірілді.

Бүгінгі күні сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде имемдену немесе ысырап ету фактісі бойынша (ҚР ҚК 189 б, 4 б) әлеуметтік педагогқа қатысты, салғырттық фактісі бойынша  (ҚР ҚК 371-бабы, 1 б) балалар үйінің директорына қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді.

Қазіргі таңда  құқық қорғау органдарымен, атап айтқанда, ҚР ҚМ Қаржылық мониторинг агенттігімен және ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Бас прокуратурамен, балалардың, әсіресе  білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелеріндегі балалардың құқықтарын қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде осы саладағы жүйелік өзгерістер бойынша бірқатар ұсыныстар жасалады.