Ересектер мен балалардың құқықтарын бірлесіп қорғау

2023 жылдың 15 ақпанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевпен Қазақстандағы балалар құқықтарын қорғаудың ағымдағы жай-күйін талқылады. Бейнеконференция арқылы өткен кездесу барысында басым бағыттар мен бірлескен жұмыс форматы айқындалды.

2022 жылдың 29 желтоқсанында мемлекет басшысының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты (жоғарғы палата) 39 жасар Артур Ластаевты Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне бекітті. Ол бұл қызметте Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы болып тағайындалған Эльвира Әзімованы ауыстырды.

Прокуратурада 16 жылдық тәжірибесі бар Артур Ластаев, ең алдымен, Қазақстанның БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы хабарлау рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамаға қол қою маңыздылығын атап өтті (қараңыз «БҰҰ тікелей шағымдануға мүмкіндік бар»).Сондай-ақ ол ҚР Үкіметінің бекітуінде жатқан 2023-2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарға үлкен үміт артты.  (құжат қоғамдық талқылау үшін 2023 жылдың 21 ақпанына дейін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған).

Өз кезегінде Аружан Саин балалық шағында шешілмей, кейіннен ересектер, қоғам және мемлекет үшін апатқа айналатын екі мәселеге назар аударды.

Біріншіден, бұл балалық шақтағы мүгедектіктің деңгейін азайту реформасының босаң жүзеге асып жатқанына қатысты. Себебі скрининг және диагностика арқылы қауіп тобындағы балалар дер кезінде анықталып, медициналық, әлеуметтік-педагогикалық көмек дер кезінде көрсетілсе, мүгедектіктің алдын алуға болады. Бұл мүгедектіктің барлық түріне қатысты – көру және есту, неврологиялық және психикалық бұзылулар. Балалардың ерекше бөлігін тұқым қуалайтын метаболикалық, генетикалық ауруларға шалдыққан балалар құрайды, олар үшін дер кезінде диагностикадан өтіп, көмек алу өмір сапасы, белгілі бір деңгейде денсаулықты сақтау және қайтымсыз зардаптардың алдын алу мәселесі болып табылады. Дұрыс құрылған мемлекеттік жүйемен, тіпті кейбір бала үшін (кейін ересек) мүгедектік шарасыз болса да, ерте жастан баланың мүмкіндіктерін барынша жақсартуға болады. Мысалы, соқыр адам емес, көру қабілеті нашар адам, саңырау емес, есту аппаратымен еститін, сонымен бірге сөйлеу қабілеті сақталған, дамуы артта қалмаған, төсекке таңылған мүгедек емес, қозғалысы шектелген адам, иә, ол жүгірмейді, дегенмен жүре алады.

Екінші мәселе – меншiк нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан балаларға арналған мектеп-интернаттардың жай-күйi. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда ондай мекемелердегі балалардың өмір сүру жағдайы аса өзгермеді: қаржы жымқыру, зорлық-зомбылық, соның ішінде сексуалдық, және тәрбиеленушілердің басқа да құқықтарын бұзу фактілері аз емес. Осы орайда балалар омбудсмені әрбір баланың отбасында өмір сүру және тәрбие алу құқықтарын жүзеге асыру үшін Қазақстан барлық күш-жігерді интернаттық мекемелерде балаларды тәрбиелеу жүйесін деинституционализациялауға бағыттауы керек деп санайды.

Артур Ластаев келіп түсетін дабылдарға уақтылы әрекет ету үшін АҚҚУ және БҚҚУ  өңірлік өкілдіктерінің әлеуеті мен ресурстарын белсендірек пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ ол балалардың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға мониторинг жүргізу үшін ҰАТ Үйлестіру кеңесінің құрамына балалар омбудсменінің өкілдерін енгізу мәселесін мүмкіндігінше тезірек қарастыруға және шешуге дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда балалар мен ересектердің құқықтарын жүзеге асыру мен қорғауды қамтамасыз ету үшін күш-жігерді біріктіру қажеттілігі туралы толық түсіністікке қол жеткізді.