БҰҰ тікелей шағымдануға мүмкіндік бар  

2023 жылдың 7 ақпанында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлау рәсімі туралы факультативтік хаттамаға қол қойды. Осылайша Қазақстан адам құқықтары саласындағы маңызды халықаралық шартқа қосылған 53-ші мемлекет атанды.

Бала құқықтары туралы конвенцияға Хабарламалар рәсімі бойынша факультативтік хаттама (Бала құқықтары туралы конвенцияға 3-ші факультативтік хаттама) 2011 жылдың желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған және 2012 жылдың 28 ақпанынан бастап қол қоюға ашық.

Құжат осы құқық саласындағы 18 тәуелсіз сарапшыдан тұратын БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі үш негізгі құжатында көзделген бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қабылдау және қарау өкілеттігін береді: Бала құқықтары туралы конвенция және оның балаларды қарулы қақтығыстарға тарту және балаларды сату, балалар жезөкшелігі және балалар порнографиясы туралы екі Факультативтік хаттамалары.

3-факультативтік хаттамаға сәйкес балалар немесе олардың өкілдері құқықтарының бұзылуы туралы тікелей БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне шағым бере алады. Комитет өз кезегінде әрбір істі қарайды және қатысушы мемлекеттерге нақты ұсыныстарды қамтитын шешімдер қабылдайды.

Бұл құжатқа қол қою Қазақстанның балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге және оларды құқықтық қорғаудың ұлттық тетіктерін нығайтуға бейілділігін растайды.

Ел Парламенті ратификациялағаннан кейін құжат күшіне енеді.