Балаларға арналған мекемелердің басшылары өз тәжірибелерімен бөлісті

2021 жылдың 7 шілдесінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшылары бас қосқан онлайн-кездесуге қатысты. ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырған кездесуді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер модераторлық етті. Отырыс Білім және ғылым вице-министр Бибігүл Асылованың сөзімен ашылды.

«Отбасы орталығы» ҚҚ президенті, Семей қаласындағы №8 отбасы үлгісіндегі балалар үйінің қамқоршылар кеңесінің төрағасы Жанна Жибраева өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қамқорлыққа алу тәжірибесімен бөлісті. Негізі 2001 жылы қаланған Балалар үйінің 80 тәрбиеленушісіне түрлі спорттық секцияда, қолөнер, вокал, хореография сияқты тағы басқа үйірмелерде спорт және шығармашылықпен айналысу үшін тамаша жағдай жасалған. Балаларды көрікті жерде орналасқан жазғы лагерьге жіберуге болады. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәжірибелі педагогтар мен психологтар көмектесуде, ең бастысы – олардың әрқайсысыда баспана мен жаңа өмірге мүмкіндік бар.

Семей қаласындағы «Отбасы орталығы» ҚҚ 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Бастапқыда оның қызметі мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған еді. Дегенмен бүгінгі күні «Отбасы орталығы» ҚҚ аймақтағы барлық мұқтаж отбасына құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуде. Өткен жылы ҚР Жоғарғы Сотының «Отбасы соты» пилоттық жобасы аясында орталықтың негізінде Татуласу орталығы ашылды. Оның жұмысы отбасындағы жанжалды жағдайларды шешуге, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру мен насихаттауға, отбасын құру жауапкершілігі мен оны сақтаудың маңыздылығына бағытталған. «Отбасы орталығы» президентінің айтуынша, бұл жобаны құруға ажырасудың қайғылы статистикасы себеп болған.

«SOS Алматы балалар ауылы» ЖБМ директоры Валерий Дубровский мекемедегі жас құтқарушылар клубы (ЖҚК) жайлы айтты. Ол алғашқы клубты 2007 жылы Теміртау қаласындағы «SOS балалар ауылын» басқарған кезде құрған еді. 10 жылдан кейін ЖҚС-ның шағын мұражайы жас өрт сөндіруші – құтқарушылардың халықаралық жиындардан әкелген көптеген марапаты мен кәдесыйына толған. Теміртаудан Алматыға ауысқан Дубровский ЖҚС тәжірибесін жаңа мекемеге де енгізді.

— SOS-отбасыларында негізінен балалар тәрбиесімен аналар айналысады.  Өкінішке қарай, ер адамдар жеткіліксіз. Сондықтан балаларымызбен жұмыс жасауға байсалды, мықты ер азаматтарды, Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандарын шақырамыз. Олар өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттары жайлы ғана емес, сонымен қатар нақты құтқару жұмыстарына қатысу туралы айтып береді. Сөйтіп клуб кішкентай баладан нағыз ер азамат тәрбиелеуде», – деп қорытындылады Алматыдағы SOS балалар ауылының директоры.

БҚКҚ  Жекелеген санаттағы балалардың өмір сүру сапасын бақылау және қамтамасыз ету басқармасы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алуын бақылауды жалғастыруда. Басқарма басшысы Махаббат Бегалинаның айтуынша, 7 шілдедегі жағдай бойынша 81 ұйымның 4948 қызметкерінің 3694-і (75%) вакцинациядан өткен, 538-де (11%) медициналық қарсы көрсетілім бар, 716-на (14%) әлі күнге дейін COVID-19-ға қарсы вакцина егілмеген. Шымкент қаласы мен Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының арнайы мекемелерінің қызметкерлері толықтай вакцинациядан өткен, артта қалушылардың «көшбасшылары» – Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары.

Қорытындылай келе, Өскемен қаласындағы мамандандырылған балалар үйінің әлеуметтік қызметкері Маржан Смағұлова республикалық деректер банкінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың есебін жүргізудің ерекшеліктері туралы айтты.

Алдыңғы аптадағыдай («БҚҚК тексереді және ескертеді» қараңыз), балалар омбудсмені Аружан Саин барлық талқыланған тақырып бойынша пікірталастарға белсенді қатысты.