Балалардан ұрлау – үлкен күнә

Атам қазақ бір әдепсіздік қылық көрсе: «Ұят болады» деп тиып, сақтандырып отырған. Иә, «ҰЯТ» ұғымымен қазақтың талай буын ұрпағы тәрбиеленді. «Өлімнен ұят күшті» деген даналық олар үшін жәй ғана әдемі сөз емес, өмірлік ұстаным. Өкінішке қарай бүгінде «Ұялмасаң қалағаныңды істе» деген қағидамен өмір сүргендер қатары көбейген сынды…

2021 жылдың 15 ақпанда ҚР қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) мен ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл «Qamqor» әлеуметтік жобасы аясында бірлесе жұмыс жасау жайлы меморандумға қол қойды («Барлық бала мемлекеттің қорғауында»). Бұл жоба балалардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі «әлсіз» тұстарды анықтауға және балалардан қандай да бір «пайда көру» мүмкіндігін жою үшін алдын алу іс-шараларын қабылдауға бағытталған.

Жарты жыл ішінде интернаттық мекемелердегі балалардың құқықтарын қорғау бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Алматы облыстық No1 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің шоттарынан ақша жымқыру ісі – қылмыстық іс пен соған тиісті жазаларға әкеп соққан анықталған құқықбұзушылықтың бірі ретінде мысал бола алады («Балаларға қиянат жасағандар жазаланды»).

Міне, енді тағы бір жағдай тіркелі.«Qamqor» жедел алдын алу іс-шарасы аясында ҚМА Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйлерінің бірінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

ҚМА деректеріне сәйкес,  тергеу барысында  осы мекеменің директоры мен бас бухгалтері сатып алу ережелерімен қарастырылған процедураларды өткізбей, басқаруындағы үлестес кәсіпорынмен азық-түлік жеткізуге шарттар жасағандығы анықталған. Бұл ретте, компанияның нақты иесі бас бухгалтердің бұрынғы жұбайы болып табылады.

2019-2020 жылдар арасында жасалған шарттар бойынша лауазымды тұлғалар үлестес компания арқылы бөлінген 130 млн теңге бюджет қаражатынан жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген 25,9 миллион теңгені жымқырған.

Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.