Барлық бала мемлекеттің қорғауында

2021 жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен кездесуінде ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау, әсіресе жымқыру мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелерді ерекше бақылауда ұстайтындығын баса айтты. Балаларға бөлінген қомақты бюджеттік қаражат олардың нақты қажеттіліктеріне толығымен жұмсалуы тиіс,  кез-келген қаржылық теріс пайдалану тоқтатылып, қатаң жазалануы керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында а. ж. 15 ақпанында ҚР Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) және ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (Уәкіл) «Qamqor» әлеуметтік жобасы аясында бірлесе жұмыс жасау жайлы меморандумға қол қойды. Бұл жоба құқық бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, балалардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі «әлсіз» жерлерді анықтап, «алдын алу шараларын қабылдауға» бағытталған. Бүгінгі күні жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар алдын алу шара жүзеге асырылуда, ал басқа санаттағы балаларды қорғау шаралары 2021 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

ҚМА және Уәкіл кеңсесі балалар үйлері мен балаларға арналаған мекемелердегі айқын бұзушылық жағдайларын анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде мекемелердің басшылығы және қызметкерлерімен байланысты адамдардың (туыстары, көршілері, достары, бұрынғы әріптестері) азық-түлік өнімдерін, тұрмыстық химия, киім-кешек, түрлі жұмыс пен қызметті қымбаттатылған бағамен және жеткіліксіз мөлшерде жеткізу сияқты  жағдайлар анықталды.

Мәселен, азық-түлік жеткізуші балалар үйінің басшысымен келісіп, нанды нарықтағы бағадан екі есе (!) артық сатқан. Яғни, сіз бен біз нанды 80-90 теңгеге сатып алатын болсақ, жетім балаларға нанды 170 теңгеден сатқан. Осыдан кейін біз  балалар үйлеріне неге ақша жетіспейді деп аң-таң боламыз!

Басқа мысалдар: Батыс Қазақстан облысында балалар үйінің қызметкерлеріне жалақының артық төленуі және мақсатсыз жұмсалуы бойынша іс тергелуде; Павлодар облысында балалар ауылының аумағын абаттандыруға берілген 5 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталды; Ақмола облысында жетім балаларды тамақтандыруға арналған қаражатты ұрлау фактісі орын алды. Қазірдің өзінде 15 мекемеде тәуекелдер анықталып, 7 қылмыстық іс тіркелді.

Мұндай құқық бұзушылық өте көп. Бұл балалар үйіндегі «бизнестің» бір түрі деуге болады. Уәкіл мен ҚМА-ның бірінші кезектегі міндеті – балалардан «ақша жасаудың» кез келген, тіпті ең кішкентай мүмкіндігін түбегейлі жою.

Бірлескен жұмыс нәтижелері бойынша мемлекет басшысына есеп беріліп, жүйелік шешімдер ұсынылады.