Балаларға қиянат жасағандар жазаланды

«Қиянаттың арты бір-ақ тұтам» – дейді халық даналығы. Бұл даналықты заңды бұзып, өзінің қылмыстық іс-әрекеттерін дер кезінде тоқтатпаған  кез келген адам есінде сақтауы керек.  Әсіресе, жетімдердің, мүгедектердің, науқастардың, яғни қоғамның ең осал тобына жататындардың есебінен пайда көру – нағыз арсыздық… 

Бағанашылдағы №1 Алматы облыстық балалар үйінде әлеуметтік педагог бірнеше жыл бойы асыраушысынан айрылғаны және мүгедектігі үшін мемлекеттік жәрдемақы алған тәрбиеленушілердің есепшоттарынан ақша ұрлаған. Балалардың төлем карталарына қолжетімділікті пайдаланған педагог сол ақшаға дүкендерден зат сатып алған, басқа адамдардың карталарына аударымдар жасаған және банкоматтан қолма-қол ақша алған. Сондай-ақ балалар үйінің әкімшілігі ақша жымқыру фактілері белгілі болғаннан кейін де құқық бұзушылыққа тосқауыл қою үшін еш әрекет жасамаған…

Лауазымды адамдардың салғырттығының салдарынан балалар үйіндегі 32 балаға аса ірі көлемде – жалпы сомасы 67,367 миллион теңгеге материалдық залал келтірілді. Келтірілген шығындардың бір бөлігі кейіннен өтелгенімен айыптау қорытындысында 27 жәбірленушінің аты-жөні бар және оларға келтірілген залалдың жалпы сомасы 52,440 млн.теңге делінген.

2021 жылдың 26 наурызындағы жаңалықты – «Ұрлау – қылмыс, ал балалардан ұрлау – еселенген қылмыс».

Міне, күні кеше Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Қайынжамал Бұхбанова Алматы облыстық No1 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің есепшоттарынан ақша жымқыру туралы істі қарап, үкім шығарды:

— Балалар үйінің әлеуметтік педагогы (2013 жылдың желтоқсанынан бастап) Маржан Мұстафина ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») педагогикалық қызмет саласындағы материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жыл мерзімге шектеліп, 7 (жеті) жылға бас бостандығынан айырылуға жазаланды. Ол жазасын орташа қауіпсіздікке ие қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

— Балалар үйінің директоры (2016 жылдың сәуірінен бастап) Гүлмира Қондыбаеваға ҚР ҚК 371-бабы, 2-бөлігі бойынша («Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық») мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында лауазымдарды иелену немесе белгілі бір кәсіптік немесе өзге де қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 1000 АЕК (2 778 000 теңге) айыппұл салынды.

Жәбірленушілерге өтемақы Қоры тәрбиеленушілер мен балалар үйінің түлектеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуге қатысты барлық мәселені тез арада шешеді деп үміттенеміз.

Осы қылмыстық істі тергеген ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіреміз.