ArtSport реформасы неге «тежеліп» тұр және оған кім кінәлі?

Мамыр айында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның командасы Спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тартылған балалардың ата-аналарының, қызмет көрсетушілердің, облыстық мәдениет және спорт басқармалары басшыларының және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен ArtSport реформасын жүзеге асыру бойынша бірнеше онлайн бейнеконференция өткізді…

Естеріңізге сала кетейік, балаларды шығармашылық үйірмелер және спорттық секциялармен барынша қамту мақсатында мемлекеттік мәдени және спорттық тапсырыстар мен олардың жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру тұжырымдамалары заңнамалық тұрғыдан бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 2021 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енген еді.

Нәтижесінде реформамен қамтылуы тиіс 4,5 миллион баланың (4 жастан 17 жасқа дейін) бүгінгі күні тек 10 пайызға жуығы ғана тегін қызметпен қамтылған (статистиканы қараңыз).

Өкінішке қарай, өткен жылдың соңынан бастап қызмет жеткізушілердің ақысын төлеу және жаңа өтінімдерді мақұлдау мәселесі шиеленесе түсті. Оған әкімдіктердің реформаға арнап сұраған және оған бөлінген бюджет мөлшері таусылғаны себеп болып тұр. Егер 2022 жылдың соңына дейін 2 миллион баланы секциялар және үйірмелермен қамту жоспарланып, тиісінше, дәл осы мөлшерге қаржы сұралған болса, бұл мәселе қалай пайда болды?

2022 жылдың 11 мамырында Informburo.kz сайтында  Алматы қаласының спорт басқармасы мемлекеттік спорт тапсырысын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру реформасының «тежеліп» қалуына ArtSport.kz платформасын әзірлеушілер («SoftDeCo» ЖШС) мен кураторлар (Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл командасын) кінәлі, жосықсыз жеткізушілердің жалған толықтыруларын болдырмауға болар еді делінген мақала жарияланған болатын:

Басқарама олардың қызметінің басым бөлігі бағдарламаның беделін түсіреді деп нақты айта алмайды, дегенмен заңсыз, кейде қылмыстық әрекеттерге барғандардың қызметі күмән тудыруда.  Егер бағдарлама жүзеге асырылып жатқан цифрлық платформа, оны әзірлеушілер мен кураторлар айтқандай бастапқыда ашық және республикалық деректер базасымен толық интеграцияланған болса, онда жосықсыз жеткізушілердің анықталған жалған толықтыруларын болдырмауға болар еді, тіпті бөлінген қаражат шегінде тұрақты ағымдағы реттілік пен тілек білдірушілердің көпшілігінің ваучерлер алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге болар еді.

Сондай-ақ басқарманың есебі бойынша, «бағдарламаның қолданылу аясын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде қолданыстағы заңнамалық нормалардың көптеген аспектісі ескерілмеді, атап айтқанда:

  • Алматы республикалық бюджеттің доноры болып табылады. Барлық салық түсімін бюджетке аудара отырып, өзін дамыту үшін мегаполистің жұмыс істейтін тұрғындарының жеке табыс салығын ғана қалдыруға құқығы бар – 12%.
  • Алматы балалар мен жасөспірімдер саны бойынша республикада бірінші орында – шамамен 390 мың бала, бұл өз кезегінде басқа өңірлердегі ұқсас көрсеткіштерден бірнеше есе артық. Негізі, Алматыға бөлінген 3,2 миллиард теңге 2022 жылы бағдарламаны жүзеге асырудың үш-төрт айына ғана жетеді.
  • Бағдарламаны реттейтін НҚА-ны дайындау кезінде қаржы ресурстарын республикалық бюджеттен (жалпы сипаттағы трансферттер, республикалық трансферттер немесе Ұлттық қор), содан кейін ғана тапшылық кезінде қолдануға болатын жергілікті бюджеттің шығыстарын ескеру керек еді».

Сондай-ақ, «жергілікті атқарушы органдар мен әкімдіктер орталық уәкілетті органдардан бағдарламаны реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге де, бағдарлама жүзеге асырылатын цифрлық платформаның функционалдығы мен интеграциясына да тиімді өзгерістер енгізуді күтеді» делінген.

Дегенмен, Уәкілдің сайтында реформаға қатысты бөлімде сегіз НҚА бар, олардың қаржыландыру мәселелеріне емес, бағдарламаны жүзеге асырудың техникалық және тарифтік аспектілеріне қатысты екенін атауларынан-ақ байқауға болады. Демек бұл жергілікті заң шығарушы және атқарушы билік органдарының – мәслихаттар мен әкімдіктердің құзыреті және жауапкершілік саласы. Сондықтан шенеуніктер ең алдымен өздеріне кінәрат-талап қоюы керек.

Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бастамасымен қолға алынған Бұқаралық балалар спорты мен шығармашылығын дамыту бағдарламасына шенеуніктердің өзі қасақылық жасап отырғанын ашық айтуға тура келеді. Ал оның басты себебі – жергілікті атқарушы билік бюджет қаржысын балалардың қажеттіліктеріне бағыттағысы келмейді. Алайда олар әлі де вело-, футбол, хоккей, баскетбол, жеңіл атлетика және т. б. қымбат шетелдіктермен «толтырылған» кәсіби спорт командаларын, сонымен қатар концерттер, велошерулер және т. б. қымбат имидждік іс-шараларды қаржыландыруға ақша тауып отыр.

Демек жүйе ішінде қыруар қаржы айналып жатыр, бірақ ақша, біріншіден, тиімсіз жұмсалады, екіншіден, жемқорлық факторы өте жоғары. Соңғы бес жылда БАҚ беттерінде «Мәдениет және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық» тақырыбында шыққан жарияланымдардың тізімі бірнеше бетті құрайтыны осыған дәлел.

Тақырыпты жалғастырсақ: келесі күні, яғни 2022 жылдың 12 мамырында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында ArtSport бағдарламасын жүзеге асыруда неліктен проблемалар туындап жатқанын және оларды қалай шешуге ниетті екенін түсіндірді:

Бұл механизм міндетті түрде жұмыс істейді. Оған балама жоқ және болуы да мүмкін емес. Тағы бір жайтты түсініп алуымыз керек – механизм сәл асығыс жүзеге асырыла бастады. Кейбір тұстары ескерілмеді. Енді не істеу керек? Механизмді сапалы зерттеу үшін біраз уақыт қажет. Спорт басқармалары қызметкерлері қысыммен жұмыс жасап жатыр. Бөлінген ақша таусылып қалды, ата-аналар да, қызмет көрсетушілер де наразылық танытуда. Кемшіліктерді жою мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр, кейбір талаптарды жақсарттық, бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.

Оның айтуынша, қазір бағдарлама 500 мың баланы қамтиды, бірақ алда барлық ниетті баланы қамтамасыз ету жоспарлануда: «Қазір әкімдіктердің спорт пен мәдениетті дамытуға бөлінетін бюджетінің кемінде 10 пайызын жыл сайын міндетті түрде осы бағдарламаны жүзеге асыруға бөлу мәселесін пысықтап жатырмыз. Есебіміз бойынша, бұл жеткілікті болуы тиіс. Бағдарлама асығыс жасалған кезде қиянат етушілер пайда болатыны анық. Жақын арада бұл мәселелердің шешімі табылады, соның ішінде азаматтық бақылаудың көмегімен шешілуі мүмкін. Қоғамның өзі ақшаның балаларға жетуіне мүдделі».

Бұл жерде не айтуға болады? Бір жағынан, жаңа Мәдениет және спорт министрі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған кезде бұл реформаны «өткізуге» көп көмектесті, екінші жағынан, оның қазіргі мәлімдемелері мүлде дұрыс емес, ол реформаға қарсылардың сөзін сөйлеуде.

Өйткені 2020-2021 жылдары заңгерлер, спорт және өнер сарапшылары, IT мамандары және басқа да көптеген маманнан құралған біздің ұжым заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту, ArtSport.kz порталын дамыту, іске қосу және үздіксіз жетілдіру бойынша орасан зор жұмыс атқарды. Сондықтан бұл жұмыстың маңыздылығына күмән келтіруді әділетсіз деп санаймыз.

Әрі қарай: кез келген бағдарламашы, кез келген әзірлеуші ​​бірде-бір бағдарламаның, бірде-бір жүйенің бірден мінсіз болып шықпайтынын, үнемі қателерді жойып, функцияларды қосатын жаңартулар енгізу керек екенін дәлелдеп бере алады. Бірақ сонымен бірге бағдарламалар, тіпті ең маңызды, жаһандық, қаржыға қатысты бағдарламалар да жұмысын жалғастыруда. Дәл осындай жағдай ArtSport.kz платформасында да орын алуда. Бағдарлама жаңартылып, басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциялануы тиіс. Одан бас тарту немесе оны оқшаулау реформаның өзіне қауіп төндіріп тұр.

Ал «сұр схемалар» мен «жансыздар» туралы айтатын болсақ: жүйе барынша ашық – ата-аналар тарапынан да, мемлекеттік тапсырыс операторлары (әкімдіктер) тарапынан да, ал әзірлеушілер тіпті барлығын көріп отыр. Сондықтан жүйе мұндай «ылдым-жылдымдарды» оңай анықтай алады: бір-екі рет алдауға болатын шығар, бірақ ақырында олар ұсталып қалады да, жосықсыз жеткізушілер тізіміне енеді. Біз мұндай фактілерді талай тіркедік, демек бұл платформаның жетілмегендігі туралы айтылып жатқан айыптарды жоққа шығаруда.

Сайып келгенде, ақшаның көрсетілген қызметтерге сәйкес толық бөлінуі және жұмсалуы – ата-ананың да, провайдерлердің де, операторлардың да мүддесі.