Әр бала бақытты балалық шаққа құқылы

2021 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалар үйлерінде тәрбиеленушілердің тұрмыстық жағдайы мен құқықтарының сақталуы жөніндегі мемлекеттік тексеру нәтижелері бойынша өткізілген онлайн-отырысқа қатысты.

Балалық шақты қорғау, жас ұрпаққа қамқорлық жасау әр мемлекетің ұлттық мүддесі ғана емес, сонымен қатар ең маңызды функциясы. Кездесу қатысушыларына өз жолдауын ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова дәл осы сөздермен бастады. Отырысқа мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінің, адам құқықтарын қорғау және үкіметтік емес ұйымдардың, қамқоршылар кеңесінің 500-ге жуық өкілі, бір сөзбен айтқанда, қызмет борышы және шын ұжданымен өскелең ұрпақтың қамын ойлайтындардың барлығы қатысты. Бұл жолы олар балаларды қорғау саласындағы мемлекеттік бақылаудың нәтижелерін талқылады.

2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті облыстар бойынша жалпы 411 балалар ұйымының қызметін тексерген еді. Осы жолы тексеру нәтижелері кең әрі еш көзбояушылықсыз жария етілді деуге болады. Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаевтың балалардың үйлестірілген және жақсартылған тамақтану құқықтарының сақталуына, РДБ-де жетім балалардың есебін жүргізу барысында жасалған өрескел бұзушылық фактілеріне,   қорғаншылар немесе қамқоршыларға баланы асырауға жәрдемақы тағайындауға, балалар үйі түлектерінің тұрғын үй алуға құқықтарына және т.б. қатысты берген ақпараттары көптеген өткір сұрақ тудырды.

Өкінішке қарай,  өткен жылдың өзінде балаларға қатысты  2 247 төтенше жағдай болды.  Оның үштен бірі елдің төрт аймағында – Нұр-Сұлтан (200) және Алматы (115) қалаларында, Қарағанды ​​(236) және Алматы облыстарында (216) орын алды.  Істердің 40% -ы ересектердің байқаусыздығы мен қауіпсіздік ережелерді бұзу салдарынан болған.

Еліміздің үш ірі қаласының Білім басқармасы басшыларының орынбасарлары –  Айсұлу Ботаева (Алматы), Гүлім Жүсіпова (Нұр-Сұлтан) және Гүлісхан Нақбаеваның (Шымкент) сөйлеген сөздері де назардан тыс қалмады.

ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова кездесуге  қатысушыларға Ұлттық алдын алу тетігінің рөлі және түрлі бақылау топтарының балалар ұйымдарына бару ережелері жайлы пайдалы түсіндірме жасады.

Бала омбудсмені Аружан Саин өз сөзінде мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарының басты міндеті кәмелетке толмағандардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету екенін баса айтты.

Сонымен бірге, ол қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын орындайтын мамандардың қажеттілігін зерттеу, олардың кәсібилігін арттыру, РДБ-н жаңарту, балалардың өмір сапасын жақсартуда үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуді арттыру бойынша бірқатар нақты ұсыныстар жасады.