Үйге апарар ұзақ жол

2021 жылдың 9 қарашасында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин «БҰҰ әйелдері қайтарылған әйелдер мен балаларды қолдайды» ЕО-ЮНИСЕФ бағдарламасының Үйлестіру жұмыс тобының (ҮЖТ) отырысына қатысты. Ол өз сөзінде «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан оралған 516 баланың қазіргі жағдайы жайлы мәлімдеді.

Жұмыс мерзімі 2022 жылдың қараша айына дейін белгіленген ҮЖТ-ның бірінші отырысын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарының төрағалық етуімен аралас форматта өтті: оффлайнда – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында, ал ҮЖТ-ның басқа қаладағы  мүшелері отырысқа онлайн қосылды.

Кездесудің мақсаты ҮЖТ мүшелерін БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ-Әйелдер және ЕуроОдақтың «ЕО-БҰҰ Орталық Азия мемлекеттеріне қақтығыс аймақтарынан, ең алдымен Сирия мен Ирактан оралған азаматтарына қолдау көрсету – 1-компонент» бірлескен бағдарласының мазмұны және кестесімен, сондай-ақ жұмыс жоспарының орындалу барысы жайлы жаңартылған ақпаратпен таныстыру болды.

Отырысқа Балалар омбудсмені мен ҮЖТ мүшелерімен бірге  Қазақстандағы Еуропалық Одақтың Елшісі Свен-Олов Карлссон, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) атынан – өкілдік басшысы Артур ван Дизен және ЮНИСЕФ білім беру бағдарламасының менеджері Татьяна Адерихина, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» ұйымынан – өкілдік басшысы Мария Доценко және Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» бағдарламасының жетекшісі Дина Амришева, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қатысты.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинның сөйлеген сөзін жариялаймыз:

Құрметті қатысушылар, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып, оған қатысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстандық азаматтарды репатриациялау және реинтеграциялау мәселелері біздің халықаралық және ішкі күн тәртібімізде маңызды орын алатыны сөзсіз.

2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматтарын лаңкестік әрекет аймақтарынан (ЛӘА) қайтару – олардың қазақстандық қоғамға одан әрі интеграциялануына бағытталған бірнеше гуманитарлық операция жүргізілді. «Жусан» және «Русафа» операциялары аясында Қазақстанға барлығы 725 адам қайтарылды, оның ішінде 188 әйел және 520 бала (төрт бала туыстарына – Қырғыз Республикасының азаматтарына берілді).

Қазақстан Республикасының Үкіметі, Білім және ғылым министрлігі қайтарылғандырдың бастапқы бейімделуіне барлық жағдайды жасады, оның ішінде, тәулік бойы медициналық көмек көрсетуді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды, сондай-ақ теологтар және психологтармен жұмыс жасауды  қамтамасыз етті.

БҒМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, балалар оралған сәттен бастап, толық сауығып кеткенге дейін әрбір жауапты мемлекеттік органның кезең-кезеңімен шаралары қарастырылған балаларды оңалту бойынша іс-қимылдардың Бірыңғай алгоритмін әзірледі.

Балалардың басым бөлігі араб тілінде сөйлейтінін ескерген министрлік әр баламен байланыс орнату, психологиялық жұмыстар жүргізу үшін араб тілі мамандарын жұмысқа тартты.

Алғашқы күндерде балалардың бойында қорқыныш бар екені сезілді,  кез-келген қарым-қатынастан үрейленді, тіпті, олар ойыншықтарға жақындамай, балаларға арналған ойындарға әрең тартылды. Түстерді ажырата алмаған балақайлардың  салған кез келген суреті (ағаштар, үйлер, гүлдер, құстар, аспан, отбасы, күн) қара реңке боялған.  Балалардың бейімделуіне көмектесу үшін жас ерекшеліктеріне қарай психологиялық көмек көрсетудің жеке жоспарлары жасалды.

Әдеттегідей, балалар соғыс аймақтарында оқу орындарына бармаған. Олардың көпшілігі оқуды, жазуды және санауды білмеді. Әрқайсысына жеке білім беру бағдарламасы  және психологиялық-педагогикалық қолдау картасы әзірленді.

Бейімдеу орталығында мұғалімдерді, репетиторларды және тәрбиешілерді тарта отырып, «жазғы мектеп» ұйымдастырылды (қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика және басқа пәндер бойынша сабақтар, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер).

Бейімдеу орталығындағы шаралар бір айға созылды. Кейін балалар отбасымен бірге туыстары мен жақындарының тұрғылықты жеріне жіберілді.

Нәтижесінде балалар жаңа өмірге бейімделіп кетті.

Оңалту процесімен қатар оралған балаларды анықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар асырап алуға және қамқоршылыққа алуға келіскен туыстарына берілді. Барлық оңалту рәсімдері аяқталғаннан кейін ЛӘА-нан оралғандардың барлығы басқа қазақстандықтармен тең құқықтарға, соның ішінде шетелге шығу құқығына ие.

Отбасылық байланыстарды қалпына келтіру және тұрғылықты жері бойынша қолдау көрсету.

Оңалту бағдарламасының маңызды бөлігі отбасылық байланыстарды қалпына келтіруге арналды. Иә, ЛӘА-нан қайтарылған азаматтар оралмас бұрын тиісті органдар оралмандар мен балаларды туыстарының қабылдауына байланысты қыруар жұмыс атқарды.

Әрине, оларды кешіріп, қайта қабылдауға бәрі бірдей дайын болмады. Көпшілік көрші-қолаңның, ағайын-туыстың жағымсыз әңгімесіне алаңдады. Дегенмен балаларды алып кетуге ниет білдірдірген де аз емес еді. Сонымен қатар, кейбір оралман әйелдер отбасымен қайта қауышуға бірден келіспеді.

Осы орайда «Лаңкестік әрекет аймақтарынан оралған кәмелетке толмағандарды дерадикализациялау және оңалту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» жобасы аясында еліміздің 14 облысында (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары) балаларға барлық қажетті көмек көрсету үшін кәмелетке толмағандарға  әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсететін  16 Орталық жұмыс істеді.

Отбасылар уақытша тұру және балаларына қосымша білім беру мүмкіндігіне ие болды.  Әрбір орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, құқықтың және консультациялық қызметтер көрсетіліп, қажетті жағдай жасалды.

Тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың (ПМПК) отырыстары өткізіліп, білім, қабілет, дағды және психологиялық даму деңгейін анықтады.

Балаларға қатысты ағымдағы жағдай (2021 ж. 1 қарашадағы жағдай бойынша)

Бүгінгі күні елге оралған 516 бала еліміздің әр өңірінде тұрып жатыр, олармен әлеуметтік оңалту аясында жұмыстар жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру бойынша жұмыс жүргізді: мектепке дейінгі тәрбиемен 118 бала қамтылса, 252 бала мектепте оқиды. Сондай-ақ, 202 оқушы қосымша біліммен қамтылды (спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер және т.б.), 99 балан репетиторлармен білім алуда.

Сонымен қатар, COVID-19 коронавирустық инфекцияның пандемиясының салдарынан қашықтан оқытуға көшірілген 88 балаға компьютер және ноутбук түрінде көмек көрсетілді. Сондай-ақ кеңсе тауарлары, мектеп формасы, азық-түлік себеттері түрінде жалпы сомасы 1,2 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді.

БҒМ мамандары әр балаға жеке жоспар негізінде балалардың әлеуметтік оңалту жағдайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отырады. Балалармен жұмыс істеуде психологиялық-педагогикалық қолдауға басты назар аударылды және бұл тұрғыда айқын жетістіктер байқалады.  Мәселен, балалардың жартысы үздік және жақсы оқитындар, 7-уі түрлі олимпиаданың, 60-ы шығармашылық байқаулар мен сайыстардың қатысушылары мен жүлдегерлері атанды.

Зерттелген материалдар негізінде балалардың және олардың отбасыларының материалдық қажеттіліктері қанағаттандырылғанын атап өтуге болады. Дегенмен әйелдердің жұмысқа орналасуында қиындықтар бар.

Сонымен қатар әйелдерге психологиялық кеңес беру аясында көмек көрсету жағынан да қиындық бар. Әйелдерде күйзелістің классикалық белгілері байқалады – үрей/депрессия, кінә және ұйқысыздықтан бастап, зақымсоңы нышанатының ерекшеліктеріне дейін.

Ересек оралмандардың қажеттіліктері балалардың қажеттіліктеріне қарағанда бағаланбайтыны және ескерілмейтіні анықталды. Бұл ересек оралмандарды оңалту жұмыстарына жауапты мамандарға деген қанағаттандырылмаған қажеттіліктен де көрінді.  Мамандардың дайындығы тапшы екені және білім алу қажеттілігі бар екені байқалды.

Балалармен жұмыс жасауды нормативтік құқықтық регламенттеу

Сонымен қатар ЛӘА-нан оралған балалармен жұмысты үйлестіруді және жоспарлауды күшейту жұмыстары жүргізілді.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 13 мамырдағы № 326-VІ ҚРЗ.

Осылайша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 13 мамырдағы № 326-VІ ҚР Заңымен БҒМ мынадай құзыреттер жүктелді;

— білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету;

— террористік әрекеттерден зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту мәселелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыру.

Жоғарыда аталған заңды іске асыру шеңберінде Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 4 қыркүйектегі № 382 бұйрығымен Террористік әрекеттерден зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері бекітілді.

Аймақтардағы кадрлық әлеует

ЖАО БҒМ-мен бірлесе отырып, саладағы кадрлық әлеуетті күшейту жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда еліміздің 16 өңірінде балалармен жұмыс істеуге 303 маман тартылған, оның ішінде:

1) әлеуметтік оңалтуды үйлестіруді білім басқармаларының 27 қызметкері жүзеге асырады;

2) 161 педагогикалық психолог психологиялық көмек көрсетеді

(1 санат – 33, 2 санат – 41, жоғары санат – 9, педагог-модератор – 14 және педагог-сарапшы – 1);

3) білім беру ұйымдарының 115 әлеуметтік педагогы балаларға қолдау көрсетеді  (1-санат – 6, 2-санат – 21, жоғары санат – 5, педагог-модератор – 10 және педагог-сарапшы – 5).

Министрлік балалармен жұмыс жасаудың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар кешенді шара қабылдады, атап айтқанда:

— мамандарға әдістемелік ұсыныстар жіберу, сондай-ақ шетелдік мамандарды тарта отырып оқыту семинарларын өткізу арқылы олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде;

— 2021 жылдың ақпан айынан бастап, ЛӘА-нан қайтарылған балаларды әлеуметтік оңалту бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау тұрақты негізде жүргізілуде. (бүгінгі таңда Қарағанды ​​облысының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тәжірибесі зерттелді).

Сондай-ақ БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және АҚШ Мемлекеттік департаментінің көмегімен Чикаго университетінің профессоры Стивен Уэйн Zoom платформасында онлайн сабақ өткізуде.

Біз бұл проблемаларға кешенді көзқарасты дамытудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы тұрғыда бірнеше маңызды кезеңді бөліп көрсетуді жөн санадым.

Бірінші және ең бастысы, біз оралған әйелдер мен балаларды терроризм құрбандары деп санаймыз. Ал ЛӘА-да дүниеге келген балалар туған жері – Қазақстан деп көрсететін туу туралы куәліктермен құжатталған.

Құжаттау – күрделі мәселе. Мысалы, елге оралған әйелдерге күйеуінің қайтыс болғаны туралы куәлік беру мәселесі. Расында да, әйел тек осы құжат арқылы ғана асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуді талап ете алады.

Қайтып оралғандармен жұмыс істеу барысында алыс-жақын ағайын-туыстың араласатынын ескереміз, қазақ менталитеті мен туыстық байланыстың  беріктігін ескеру үлкен мәнге ие. Достар, көршілер және жергілікті қауымдастықтардың қатысуы да қарастырылады.

Ең маңызды жайт – терроризм идеологиясының таралуына жол бермеу және жаңа жақтастардың қосылуына тосқауыл қою.