Реформаны қайтымсыз ету

Қазақстанда балалардың мемлекет есебінен спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне қатысуына мүмкіндік беретін реформа жүзеге асырылып жатқанына алты айдан астам уақыт өтті. Алайда бұл реформаны қайтымсыз ету үшін туындап жатқан проблемалардың түйінін түсініп, оларды шешу жолдарын ұсыну керек…

2020 жылдың 30 желтоқсанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялармен барынша қамту мақсатында мемлекеттік мәдени және спорттық тапсырыстар мен олардың жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру тұжырымдамалары заңнамалық тұрғыдан бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың қағидалары мен әдістемесін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер (НҚА) әзірленгеннен кейін халық талқысына түсті.

Сауалнамаға 35 мыңнан астам адам, ондаған секция мен үйірме жетекшілері тартылды. 2021 жылдың 27-28 сәуірінде НҚА Мәдениет және спорт министрінің бұйрықтарымен бекітілді, сонымен қатар Уәкілдің ресми сайтында және ҚР НҚА Эталондық бақылау банкінде орналастырылды (ҚР НҚА ЭББ).

Жергілікті билік органдарының бюджеттері есебінен Балаларға арналған секциялар мен үйірмелерді спорттық және шығармашылық мемлекеттік тапсырыстар арқылы жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмі 2021 жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылды.

Механизмді жүзеге асыру үшін https://artsport.edu.kz мекенжайы бойынша портал іске қосылды. Бұл портал арқылы мемлекеттік тапсырыс операторлары (14 облыс және 3 республикалық маңызы бар қаланың мәдениет және спорт басқармалары) қызмет көрсетушілерді, ата-аналар мен балаларды тіркейді және бағалайды, ата-аналар балаларды секциялар мен үйірмелерге бекітеді, қызметті жеткізушілер есеп беріп, қазынашылықтан төлем алады.

Демек жұмыс істеп тұрған нақты реформа бар, әрі ол халықтың қолдауына ие. (11 қаңтардағы жағдай бойынша ата-аналармен 481 822 бала тіркеліп, оларға 426 013 ваучер берілді, оның ішінде 8 635 секция мен үйірме 373 941 ваучерді активтендірген). Басты мақсаты – 4 пен 17 жас аралығындағы БАРЛЫҚ 4 536 310 баланы спорт секциялары және өнер үйірмелерімен қамту болып табылатын механизм елдегі экономикалық мәселелер мен жергілікті шенеуніктердің қарсылығына қарамастан, мүмкіндігінше қысқа мерзімде іске қосылды.

ҚР Конституциясы мен БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясында барлық баланың білім мен ғылымға, мәдениет пен спортқа қолжетімділігі жағынан ТЕҢ мүмкіндіктер қарастырылған, ал бұл реформа балаларға қағазда мағлұмдалғанды қазірдің өзінде шынайы қолдануға мүмкіндік беруде. 

Балалардың денсаулығын, білімі мен тәрбиесін жақсарту арқылы қылмыс, суицид және т. б. көрсеткіштердің төмендеуіне қол жеткізуімізбен қатар, бұл реформа маңызды  экономикалық және әлеуметтік нәтижелер береді:

  • Бүгін зауал кешкен экономиканың тұтас бір саласы дамуға серпін алды. Балалар арқылы бизнеске түсіп жатқан мемлекеттік ақша тиімді қаржылық процестерге құйылуда: мемлекеттік тапсырысқа қатысушы кәсіпкерлер өз табысынан салық төлейді, жалға үй-жай алады және т. б., қызметкерлерге ресми түрде жалақы төлейді, барлық аударымды (зейнетақы, медициналық сақтандыру және т. б.) жасайды. Демек  реформа бюджет қаражатын ашық салаға шығарады, сондай-ақ, бюджетті тиімді бағыттайды, бизнестің дамуына қызмет етеді, тұрақты кәсіпкерлерді қалыптастырады. Бұл ақшаның едәуір бөлігі салық түрінде бюджетке қайтарылуда.
  • ArtSport.edu.kz порталына (қазіргі ArtSport.kz) мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 14 698 педагог пен жаттықтырушы тіркелген (бұл сан тұрақты түрде өсіп келеді!). Реформаның арқасында олардың көбі өз мамандығына, бүкіл өмірін арнаған сүйікті ісіне қайта оралды. Ұстаздардың саны күн сайын артып келетіні қуантады! Яғни адамды лайықты еңбекақысы бар өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіп, халықты жұмыспен қамтудың тамаша бағдарламасы жасалды. Әрі бұл олардың отбасыларының өмір сүру сапасына жағымды әсер ететіні айдан анық.
  • Осыған дейін ақша тапшылығының салдарынан балаларын секциялар мен үйірмелерге қатыстыра алмаған ата-аналар енді мұндай мүмкіндікке ие болды. Ал секциялар мен үйірмелерге ақша жұмсаған ата-аналар енді отбасылық бюджетті тұрғын үй (ипотека) жағдайын жақсартуға, электр құрылғыларын, киім-кешек пен жоғары сапалы бұйымдар және т.б сатып алуға бағыттай алады.

Процеске қатысушылардың барлығы, әрине, кейбір лауазымды тұлғалар мен кәсіби спорттық және салтанатты мәдени іс-шаралар «нарығына» қатысушыларды қоспағанда, бұл реформаны мемлекеттің үлкен жетістігі, Тәуелсіздіктің 30 жылында халық үшін жасаған ең мықты ісі деп бағалайды. Сондықтан олар тиімді бағдарламаның жойылып кетуі мүмкін деп үрейленеді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні реформа «қолмен басқарылып» жүргізіліп жатыр деуге болады. Реформаға «жоғарыдан» қолдау көрсетілмесе барлық атқарылған жұмыс түкке тұрғысыз болып қалмақ.

Реформаны тезірек жүзеге асыруға не кедергі?

ArtSport.kz платформасында жарияланған мәліметтерге сәйкес, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәдениет және спорт басқармалары 11,15 млрд теңге (спортқа 6,252 млрд, мәдениетке 4,898 млрд) бөлген. Шымкент қаласының спорт басқармасы бөлген бюджеттің 100 млн теңгеге,  сондай-ақ сайтта жарияланған мәліметтерге сәйкес,  Алматы облысының спорт басқармасы бөлген бюджеттің 500 млн. Теңгеге ұлғайғанын, ал жарияланған есеп бойынша бұл екі есе көп – 1 млрд теңге екенін ескерсек, республикадағы мемлекеттік спорттық-шығармашылық тапсырысты қаржыландыру бағдарламасына бөлінген қаражаттың жалпы бюджеті 11,75 млрд теңгені құрайды.

Бұл бағдарламаның үлкен әлеуетке ие екенін қазірдің өзінде байқауға болады. https://artsport.edu.kz/ru/sdcstat сілтемесі бойынша жарияланған статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік спорттық-шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын іске асыруға қатысуға ниет білдірген қызмет жеткізушілерден 28 235 өтінім келіп түскен. Мемлекеттік тапсырыс операторлары – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәдениет және спорт басқармалары – небәрі 8 635 өтінішті мақұлдап, 70%-ға жуығын кері қайтарған.

Бұл сандар мемлекеттік тапсырыс операторларының қызмет жеткізушілермен дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсетеді:

— жеткізушілердің әрекетінде  қандай да бір қателік бар болған жағдайда,тіпті  https://mail.kz/ru/news/kz-news/instrukciya-dlya-postavshchikov-artsportedukz порталында жеткізушілер үшін нұсқаулықтар мен қадамдық алгоритм орналастырылғанына қарамастан еш түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді; яғни олар мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарға аз ақша бөлу мақсатында осы әрекеттерімен қызмет көрсетушілердің тіркелуіне қасақана тосқауыл қоюда.

Өтініштер саны әлі де  артады, ал бұл бағдарлама үшін үлкен әлеует. Әрине, көптеген өтініштің қабылданбауына қызмет жеткізушілер мен жаттықтырушылардың қажетті құжаттарды дұрыс ресімдемуі себеп болуда. Бірақ жағдай күн сайын жақсарып келеді, жеткізушілер өздері үйреніп, басқаларға да көмектесуде. Сонымен қатар, өтініштердің көп бөлігі қабылданбауы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген өңірлік бюджет қаражатының таусылып қалғанына байланысты.

Жеткізушілер тарапынан кез келген сылтаумен, тіпті НҚА бұзып,  өтінімдерді мақұлдаудан бас тарту немесе процесті мүмкіндігінше кешіктіру жағдайлары жайлы хабар түсіп жатыр. Мысалы, оларға өтініш қаралуда деген жауап жібереді – бұл бірнеше аптаға созылады, дегенмен НҚА сәйкес өтініш 5 күн ішінде қаралуы керек.

Қазан айында Павлодар облысының спорт басқармасы жеткізушілерден өтінімдерді қабылдауды тоқтатты, қараша айында оған Маңғыстау, Түркістан және Атырау облыстары қосылды, желтоқсанға қарай Алматы және Жамбыл облыстарының, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының спорт басқармаларының бюджеті таусылды.

Дәл осындай көрініс мәдениет басқармаларында да  байқалады. Қараша айының басында Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармаларының бюджеті таусылған, ал қарашаның соңында оларға Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары қосылды.

Бұл ретте әлеуетті жеткізушілері бар кейбір облыс пен республикалық маңызы бар қалалар бюджеттің таусылғанын жариялап, ақшаны бюджетке қайтарған. Осылайша, Жамбыл облысының спорт басқармасы бюджетке 40 миллион теңге қайтарды. Ал қараша айында олар бюджеттің жоқтығын сылтауратып,  қызмет жеткізушілерге  төлем жасауды тоқтатқан.  Нәтижесінде тек қараша айындағы қарыз 59,4 млн теңгені құрады. Сондай-ақ басқа да спорт басқармалары:  Қарағанды ​​облысы – 700 млн теңге, Алматы қаласы – 300 млн теңге, Қызылорда облысы – 85 млн теңге және Қостанай облысы – 22,5 млн теңге ақшаны бюджетке қайтарған.

Мәдениет басқармаларында да дәл осындай жағдай. Мәселен, қараша айында мемлекеттік тапсырыс бағдарламасының бюджеті таусылғаны туралы хабарлаған Шығыс Қазақстан облысы бюджетке 96 миллион теңге қайтарған. Ал қараша айында бюджет қаржысы таусылған Жамбыл облысының мәдениет басқармасы 70 млн теңгені, Қостанай облысының мәдениет басқармасы 64 млн теңгені қайтарған.

Сонымен қатар, өңірлер түрлі мерекелік, республикалық, мерейтойлық іс- өткізуге қыруар бюджет қаражатын бөлуді жалғастыруда. Ғимараттарды, көшелерді безендіруге жұмсалған қаражат жайлы мәлімет БАҚ беттеріне жариялана бермейді, ал жарияланған мәліметтер бойынша бұл мақсатқа бірнеше жүз миллионнан астам қаражат кетеді.  Мәселен, биылғы жылы Алматы қаласы жаңа жылдық безендіруге 224 миллион теңге (516 мың АҚШ долларынан астам) шығын жұмсаған.

Өкінішке қарай, барлық өңірлерде спорттық және шығармашылық мемлекеттік тапсырыстарға қабылданбаған өтінімдер саны орасан зор. Демек спортпен, шығармашылықпен айналыса алатын мыңдаған бала әлі күнге дейін бұл мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. 2022 жылы бағдарламаға қатысатын спорт пен шығармашылық түрлерінің саны артатынына байланысты заңды құқығын жүзеге асыра алатын балалардың саны да өседі.

Реформаны жүзеге асыруда тұрақты нәтижеге қол жеткізіп, оны қайтарымсыз етіу үшін қандай шаралар керек?

А) Бүгінгі күні жергілікті бюджеттерден кәсіпқой клубтарды – футбол және хоккей клубтарына 1,2 млрд теңгеге, және басқа да командалық спорт түрлерін 450 млн теңге қаржыландыруға рұқсат бар (әрі өңірлердің көпшілігінде бұл бюджет  шектен асып кеткен). Демек бұл өңірлерге бір спорт түрінен 2-3 клубты, сондай-ақ басқа спорт командалардын қаржыландыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде ондаған миллиард теңге бұқаралық балалар спортынан қиыс кетіп жатыр.

Сыбайлас жемқорлық факторларын және кәсіпқой клубтарда қомақты қаражатқа жалданған шетелдіктердің көп екенін ескерсек, жетістік тұрғысынан бұл шығындар халыққа да, мемлекетке де түк пайда әкелмейтіні анық. Тіпті жеңіл атлетикада қазақстандық төлқұжаты бар африкалық спортшылар пайда болды. Оларды 2017 жылдан бері спортты дамытуға бөлінген облыстық бюджеттер қаржыландырады, алайда бұл спортшылар бір де бір рет еліміздің намысын қорғап, өнер көрсеткен емес! Бұқаралық балалар спорт дами келе болашақта кәсіптік спорттың өркендеуіне әкеледі. Спорт азаматтардың салықтары есебінен емес, бизнес ретінде дамуы керек. Бұл тәжірибені біртіндеп жою үшін – жергілікті бюджет есебінен кәсіпқой клубтарды қаржыландыруға тыйым салу керек, немесе, мысалы, облыс спорттың барлық түрін қаржыландыруды 1 миллиард теңгеден асырмауы қажет.

Б) Қосымша білім беру механизмін (БҒМ) балалар спорты мен шығармашылығы (МСМ) механизміне сәйкестендіріп, тарифтерді өзара салыстырып, физика, химия, биология, робототехника, авиациялық модельдеу және т. б., яғни мәдениет пен спорт саласына емес ғылым мен техника саласына қатысты балалар үйірмелерін де қаржыландыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың білім бөлімдерінің бюджеттері есебінен қосымша білім беруді ArtSport.kz платформасына біріктіру қажет.

Бұл жағдайда қаржыландыру үш ағыннан келеді, демек  процестерді айтарлықтай жеңілдетеді. Осы ұсыныстың мәнмәтінінде ҰБДҚ (Ұлттық білім беру деректер қоры) және «Күнделік» жүйесін ArtSport.kz-пен тез арада біріктіруді тапсыруды сұраймын. Бұл балалар мен ата-аналарға сабақ кестесімен қатар секциялар мен үйірмелер кестесін көруге мүмкіндік беріп, қоғамның, ата-ананың және балалардың тоғыспалы бақылауын күшейтеді.

В) Қабылданған заңға сәйкес балаларды секциялар мен үйірмелерге қамту жоспарын бекіту қажет: 2022 жылы 2 миллион бала, 2023 жылы – 3 млн, 2024 жылы – 4 млн, 2025 жылы – 4,5 млн бала.

Осылайша, 2025 жылы реформа Қазақстандағы барлық баланы қамтуы тиіс. Иә, балалардың 5-7% спортқа, өнерге қызықпауы мүмкін, алайда  оларды тарту бойынша  да жұмыстар жүргізілуі керек.

Г) Реформаның басынан бастап МжС министрлігімен, қызмет жеткізушілермен,   (секциялар/үйірмелермен), мемлекеттік тапсырыс операторларымен (әкімдіктердің мәдениет және спорт басқармалары) және ата-аналармен байланыс орнату мен хат алмасуды, НҚА бойынша жұмыстарды және т. б. осы сияқты барлық үдерісті «ДОМ» ҚҚ еріктілері мен қызметкерлерін қоса алғанда, Уәкілдің шағын комнадасы жүзеге асырып келеді.  Әрине, бұл жеткіліксіз.

МСМ және Уәкіл командасымен тығыз байланыста жұмыс істейтін,  осы реформаның барлық процесін бақылап, жоспардан ауытқу жағдайына дереу әрекет ететін Премьер-Министр Кеңсесі деңгейінде жобалық кеңсе құру қажет (мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша Жол картасын іске асыру жөніндегі жобалық кеңсеге ұқсас).

Реформаны қайтымсыз етіп, БАРЛЫҚ баланы  спорт және шығармашылықпен қамтуды көздеген басты мақсатымызға біз тек күшімізді біріктіріп қана жете аламыз.