«НЗМ» оқушысының өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша

2021 жылдың 27 қазанында қайғылы оқиға орын алды: Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның бірінде 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мәлімдеме жасады:

Қазіргі уақытта «Назарбаев Зияткерлік мектебі» оқушысының өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесі үшін және марқұмның отбасы мүшелерінің сезімін құрметтеу мақсатында қайғылы оқиғаның егжей-тегжейлері ашық жарияланбауда. Баланың мұндай әрекетке баруына не себеп болғанын білу өте маңызды, сондықтан мен тергеу қорытындысын күтіп отырмын. Орын алған қайғылы оқиғаға кім жауапты екені жайлы қорынтындыдан кейін ғана айтуға болады.

Мен ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әкімшілігімен байланыстамын. Менімен қалай хабарласуға болатыны туралы мәлімет баланың ата-анасына берілді. Егер отбасы маған жүгіну қажет деп тапса,байланысқа шыға алады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» басшылығының мәліметінше, баланың әкесі мектеп әкімшілігіне берген арызында өз отбасында болған қайғылы жағдайға, туыстары мен достарының сезіміне, баланың рухына түсіністікпен қарап, ұлының атын қолданбауды және  әлеуметтік желілердегі кез келген шараларды,  әрекеттерді және жарияланымдарды тоқтатуды өтінген.

Сондай-ақ оқушыға қысым көрсету және оның психологиялық проблемалары жайлы болжамдар мен айыптаулардың ешқайсысы шындыққа жанаспайтыны айтылды.  

Отбасында тағы екі бала бар екенін білемін, бұл олар үшін және ата-ана үшін орны толмас қайғы. Баланың отбасына, достары мен туған-туыстарына көңіл айтамын.

Балалар үшін – достары мен сыныптастары үшін де – бұл ауыр қаза. Мектептен алынған мәліметке сәйкес, балалармен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Жалпы өз-өзіне қол жұмсау, оның ішінде балалар суициді бойынша Қазақстанда осындай апатты статистиканың болуы отбасыларда да, қоғамда да, мемлекеттік жүйеде де балаларға қатысты терең проблемалар бар екенін көрсетеді.

Иә, қазір Білім министрлігі барлық мектеп пен колледжде  оқушылармен жұмыс істейтін психологтың болуын  қамтамасыз ету үшін қолдан келгенді жасап жатар.  Дегенмен  ата-аналармен де жұмыс істеу қажет: олар өз баласына және оның проблемасына көбірек көңіл бөлуі, суицидтік мінез-құлық белгілері туралы ақпаратқа ие болуы үшін. Сонда ғана ата-ана алаңдатарлық сигналдарды дер кезінде көріп, қайғылы оқиғаның алдын алуы мүмін.

Мемлекет тарапынан белгілі бір шаралар қабылдануы керек. Балаларға сапалы білім беруге, сондай-ақ мектептен тыс уақытта олардың қабілеттері мен дарындылығын дамыту үшін барлық мүмкіндік қамтамасыз етілетін жүйе мен инфрақұрылым құрылуы қажет. Балалардың өмірі толық, позитив пен жетістікке толы болуы керек. Балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаһандық жүйелі шаралар ғана суицид, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, қудалау статистикасын азайта алады.