Кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бойынша тәжірибе жинау үшін Чехияға сапар

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Еуропалық Одақтың жұмыспен қамту, еңбекті және әлеуметтік мәселелерді қорғау жөніндегі Socieux+ сарапшылық орталығының шақыруымен 2023 жылдың 24 сәуірінен шағын делегация құрамында Чехияда жүр. Қазақстанда Socieux+ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу үшін кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізуге көмектеседі.

1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын ратификациялады. Осылайша, мемлекет осы құқықтарды қорғау міндеттерін алды, оның ішінде балалардың қалыпты отбасылық өмірін қамтамасыз ету құқықтары бар. Әр баланың отбасында өмір сүру және тәрбие алу құқығын жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернаттық мекемелерде тәрбиелеу жүйесін деинституционализациялау міндетін қойды.

Қазіргі жағдайды және әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, мұндай балаларды орналастырудың ең тиімді түрі мемлекеттік мекемелерді алмастыратын кәсіби асырап алушы отбасылар болып отыр. Қазақстанда кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бойынша жұмысты Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және бірқатар қазақстандық ҮЕҰ Еуропалық Socieux+ орталығымен бірлесіп жүргізіп жатыр.

Осы ынтымақтастық аясында төрт іс-шара жоспарланған. 2022 жылы сарапшылар екі танысу сапарын өткізді: шілде айында Астанада және Ақмола облысындағы («Еуропалық «SOCIEUX+» қоры сарапшыларының Қазақстанға келуі»), қарашада Алматыдағы балалар мекемелеріне барып қайтты. 2023 жылдың 25 ақпаны мен 14 наурызы аралығында Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері, балалар мекемелері және ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен вебинарлар сериясы өткізілді («Еуропалық сарапшылар патронаттық тәрбие жүйесін құру бойынша тәжірибесімен бөліседі»).

Чехияға осы жолғы оқу сапары патронаттық отбасылармен жұмысты практикалық ұйымдастыруға арналған. Socieux+ сарапшысы Клара Трубачова (KláraTrubačová) – дипломы бар әлеуметтік қызметкер, балаларды қорғау және балаларды қорғау жүйесін реформалау саласындағы сарапшы.

5 күндік сапардың бағдарламасы: Прагада – мектеп, білім беру орталығы және бастауыш мектебі бар балалар үйіне, «Dobrá rodina» және «Proxima Sociale» ҮЕҰ бару, Еңбек және әлеуметтiк істер министрлiгiнде осал балалар мен патронат отбасыларға қорғаншылық жүйесiмен танысу,  Пардубицеде – «SKP-CENTRUM» ҮЕҰ бару. Сондай-ақ, Еңбек және әлеуметтік істер министрлігі Отбасы саясаты және әлеуметтік қызметтер бөлімінің басшысы Здислава Одстрчилова (ZdislavaOdstrčilová) және ертеректе Білім министрінің орынбасары, 2022 жылдың мамырынан бастап Үкіметтің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі қызметін атқаратын Клара Шимачкова Лауренчиковамен (Klára Šimáčková Laurenčíková) кездесу жоспарланған.