Еуропалық «SOCIEUX+» қоры сарапшыларының Қазақстанға келуі

2022 жылдың 12 шілдесінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Еуропалық «SOCIEUX+» қоры сарапшыларының Қазақстанға сапары аясында «Ана Үйі» ҚҚ ұйымдастырған іс-шараға қатысты.Іс-шара әлеуметтік қамсыздандырудың және бала күтімінің негізгі жүйесінің тұсаукесеріне, сондай-ақ Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасылар институтын енгізу мүмкіндіктеріне арналды.

«Ана Үйі» Қоғамдық қоры коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы бола отырып, бірнеше жылдан бері Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен бірлесіп, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға және жыл сайын жетімдер үйіне түсетін балалардың санын азайтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Қазақстанда патронаттық отбасылар институтын енгізу бойынша жобаларды одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және сараптаманы дамыту мақсатында Еуропалық Одақтың жұмыспен қамту, еңбекті қорғау және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша сараптама орталығы болып табылатын «SOCIEUX+» қорының өкілдері шақырылды – Загреб университеті заң факультетінің әлеуметтік жұмыс теориясы мен әдістемесі кафедрасының адъюнкт-профессоры Луция Веймелка (Lucija Vejmelka) және балалар құқықтары, ұйымдық құрылымдар, рөлдер мен келісімдер саласындағы сарапшы Ана Обрадович (Ana Obradović).

11-22 шілде аралығында сарапшылар Қазақстандағы әлеуметтік қамсыздандыру және бала күтімі жүйесімен танысады, бала күтіміне қатысты заңнамалық ережелерді зерделейді, елордадағы және Ақмола облысындағы әлеуметтік мекемелерге барады, патронаттық тәрбиенің еуропалық үлгілерімен және Хорватия балалар мекемелерін деинституционализациялау және трансформациялау үдерісіндегі тәжірибесімен бөліседі, және нәтижесінде – патронаттық отбасылармен жұмыс істеудегі жедел басшылық негіздері бойынша деректерді талдаумен қысқа жоба ұсынады.

Сейсенбі, 12 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында BI University мәжіліс залында іс-шара өтті, оның мақсаттары: а) әлеуметтік қамсыздандырудың және бала күтімінің негізгі жүйесін, Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасылар институтын енгізу мүмкіндіктерін ұсыну; б) Ақмола облысында интернаттық мекемелерді трансформациялау және кәсіби патронаттық отбасыларды енгізу бойынша пилоттық жобаның тұсаукесері; в) SOCIEUX+ сарапшыларының ұсыныстарын әзірлеу.

Іс-шара Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның сөзімен ашылды. Ол мемлекеттік мектеп-интернаттарды деинституционализациялау бойынша жұмыс биылғы жылы «Кәсіби отбасылар туралы» заң мен барлық қажетті НҚА қабылдануымен қуатталатынына сенім білдірді. Мұндай мекемелердегі балалар саны 4,5 мыңға жуық, ал асырап алушы ата-ана болғысы келетін азаматтар саны 7 мыңға жуық екенін ескерсек, біз дәл қазір мемлекеттік институттарды алмастыратын кәсіби отбасылар институтын енгізу барынша нәтиже беруі тиіс кезеңде тұрмыз.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан да қатысқандар – Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Бибігүл Асылова, Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Лариса Павловец, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) балаларды қорғау бағдарламасының үйлестірушісі Азамат Жаманчинов, «Қазақстанның SOS балалар ауылдары» ҚҚ директоры Гүлжан Асанова, «Добровольное общество «Милосердие» ҚҚ «Жетімі жоқ Қазақстан» жобасының үйлестірушісі Мұрат Қабылбаев, «Ана Үйі» ҚҚ директоры Анар Рахымбаева және «Позитив Үміт» ЖҚҚ жетекшісі Жанель Бекшенова.

Қорытындылай келе, SOCIEUX+ сарапшылары «Ата-анасының қамқорлығынсыз және қорғауынсыз қалған кәмелетке толмағандарға патронаттық тәрбие жүйесін құру» тақырыбында баяндама жасады.