«Брижит Бардо қоры» өкілінің Қазақстанға келуі

2021 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин және Қазақстанға сапарын аяқтап жатқан «Брижит Бардо қорының» халықаралық жобалар жөніндегі директоры Брижит Олуа (Brigitte Auloy), «Жануарлар менің достарым» және «Менің жасыл планетам» атты республикалық балалар сурет байқауларының жеңімпаздарымен кездесті.

Жануарларды қорғауды мақсатқа айналдырған Брижит Бардо қорын (Fondation Brigitte Bardot, FBB) 1986 жылы француз актрисасы Брижит Бардо құрған. Араға 6 жыл салып, қор Қоғамдық пайдалы декларациясына (Déclaration d’utilité publique) ие болды – жобаның қоғамға пайдалы екені мемлекетпен мойындалды.

Брижит Олуа біздің елге жануарлардың құқықтарын сақтау мен оларды зорлық-зомбылықтан қорғауға қатысты мәселеге көмектесу үшін келді. 16 қазанда басталған сапары барысында ол Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен және Алматы қалаларында болып, қараусыз қалған жануарларға арналған панажайлардың жай-күйімен танысты, сонымен қатар өз ұсыныстарын айтып, қазіргі уақытта ҚР Парламентінде қаралып жатқан,  үй және жабайы жануарларды қарауды және зообақтардың жұмысын реттейтін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын талқылауға қатысты.

Брижит Бардо Қазақстандағы иесіз қалған жануарларға жасалатын қатыгездікті тоқтатуға шақырып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазғаннан кейін ҚР Бала құқықтары жөніндегі Уәкілдің бастамасымен, «Балалар Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қорының қатысуымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы және БҰҰ Ақпараттық кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылған сурет байқауларының («Балалар жануарлар әлемін суреттейді», «Балалар жасыл планетаны қолдайды!») жеңімпаздары осы заңның бастамашыларының бірі болған еді.

Олуа ханым мен жас суретшілердің кездесуі байқаулардың бас демеушісі болған «EduStream» білім беру орталығының кеңсесінде өтті.  Өз сөзінде Брижит Олуа былай деді: — Шығармашылық әрқашан қоғамға жәрдемдеседі. Жануарларды қорғаумен айналысатын қозғалыстардың, соның ішінде осындай ауқымды байқаулардың бар екені мені қуантады.  Біз бұл бастамаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз, дәл осы мақсатта Брижит Бардо Қазақстан Президентіне хат жолдаған болатын. Сапар соңында біз Қазақстандағы жануарларды қорғау туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарымызды айтамыз, және болашақта Қазақстандағы жануарлар құқығын қорғаушыларға қолдау көрсетпекпіз.

Сол күні Брижит Олуа мен Аружан Саин «Өскелең ұрпақты тәрбиелеу барысында жануарларға адамгершілікпен қарау» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына қатысты. Сонымен қатар іс-шараға «Free dolphins Kazakhstan» қозғалысының негізін қалаушы Камиля Тюлебаева, «KARE-Забота» ҚҚ президенті Юлия Коваленко және «EduStream» білім беру орталығы бас директорының кеңесшісі Салтанат Әскербекқызы қатысты.

Заң жобасына тоқталған халықаралық сарапшы «Қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу» және «Жануарларды аулау және өлтіру» мақалаларын келеңсіз санап, Қазақстандағы иесіз жануарларға деген көзқарасты қатаң сынға алды: – Мен мұнда талай қорқынышты жайтты көрдім. Ит-мысықтарды аулап алып,  аяусыз улап, тірідей өртеп жіберу алаңдаушылық тудырады.  Тіпті, көршілердің ауру немесе жүкті иттерін де өлтіріп жатыр. Біз мұнда жануарлардың дауысы болу үшін келдік. Барлық жерде олар адамгершілікпен зарарсыздандырылады. Бұл бюджет қаражатын үнемдеу мен  адам болып қалудың басты жолы.

— Қазақстандағы жануарларға қатыгездік таныту мәселесін тек заң қабылдаумен шешу мүмкін емес. Бұл мәселе кешенді шараларды, құқықтық қолдауды және қоғамның санасын өзгертуді талап етеді, – деді Олуа ханым.

— Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде мен жануарларға адамгершілік қарауды үйрету – жалпы бала тәрбиесінің ажырамас бөлігі деп санаймын. Оған статистика дәлел,  адам өлтірген немесе адамдарға зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерлердің 85 пайызы қылмыстық жолын жануарларды қорлаудан бастаған. Сондықтан қылмыстың бұл түрін немесе оның әлеуметтік мәнін елемеуге болмайды. Бұл болашақта әлдеқайда ауыр қылмыстарға әкелуі әбден мүмкін! – деп түйіндеді өз кезегінде Аружан Саин.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні Қазақстанда жануарларға қатысты жеке заң жоқ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде жануарлардың өлуіне немесе жарақаттануына әкеп соққан қатыгездік үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын 316-бап қана бар: ол үшін ең жоғары жаза 120 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады (2021 жылға 1 АЕК = 2 917 теңге), немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады  немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл әрекетті адамдар тобы жасаған немесе бірнеше рет жасаған жағдайда жаза күшейтіледі: 200 АЕК (555 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады, не 50 тәулікке дейін қамауға алынады.

Ал ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіндегі 406 бап «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу», 407 бап «Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасын бұзу» және 408 бап «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» тек ескертулер мен айыппұлдарды қарастырады.