«Біз банктік құпиядан бас тарттық»: Аружан Саин Қазақстандағы қайырымдылық қорларының ашықтығы жайлы

20 ақпанда Алматыда жыл сайынғы «Women in Business» бизнес-форумы өтті. Форумға Қазақстанның ең табысты әйгілі әйелдері қатысты. «Әлеуметтік жауапкершілік және қайырымдылық» атты  панельдік сессиясы аясында  Аружан Саин өзі 18 жыл бойы басқарып отырған «Добровольное Общество «Милосердие» қоғамдық қорының жұмысы жайлы есеп берді.

 «Біздің қордың негізін қарапайым халық қалаған, азаматтар мен бизнес өкілдерінің қайырымдылық қаражаты есебінен жұмыс істейді. Шамамен 50/50 деуге болады. Мемлекеттік қорлар үшін іс-шаралардың ашықтығы мен есеп берудің маңызы өте зор. Себебі бұл халықтың қорға ақша аударуына, соған сәйкесінше қордың мұқтаж жандарға көмектесе алу-алмауына  тікелей байланысты. Халық жіберген қайырымдылығының  нақты әрі тиімді жұмсалып жатқанына көзі жететіндей жұмыс істеу керек. Біз әу бастан қор жұмысының ашық жүйесін құрдық. Көмекке мұқтаж балалар туралы толық ақпарат берілді –  шынайы бала, оның Қазақстанда емделмейтін диагнозы бар, оны қай жерде емдеуге немесе ота жасауға болады және ем қанша тұрады деген сияқты. Біз жиналған қаражат бойынша апта сайын есеп береміз. Құжатта әркім өзінің қайырымдылығы мен шығындарын таба алады, ақшаның қалай және кімге бағытталғаны да көрсетіледі. 2006 жылдан бүгінгі күнге дейін  бұл 2 434 бала және 5,5 миллиард теңгеден астам қаражат!» – деді  Аружан Саин форумға жиналғандардың алдында.

«Біз балаларға көмектесіп қана қоймай, ақпаратты сараптап, сарапшыларды тартып, зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы елдегі жүйелі өзгерістерге ұмтыламыз. Біздің жұмысымыз нәтижелі, дегенмен қиындықтар да аз емес. Қиындық  көптеген факторға байланысты, соның бірі: мемлекеттік жүйенің инерциясы, ол әдетте, қалыпты жұмыс істеу тәсілін сақтауға бағытталған.

Бұл мемлекеттік жүйедегі (атқарушы және заң шығарушы тармақтар) кадр сапасының төмендігі. Бұл шенеуніктердің жауапкершіліктен қашуы,  сондай-ақ жемқорлық факторы. Елімізде өте жоғары деңгейде жұмыс істейтін сауатты ҮЕҰ бар.

Мысалы, белгілі бір ауруларға шалдыққан балалар  (ересектер) ата-аналарының бірлестіктері, қоғамдастықтары: эпилепсия, муковисцидоз, церебральды сал ауруы бар балалар, аутизм және т.б. Бұл қорлар мен үкіметтік емес ұйымдар өз диагноздарын, оны қалай емдеу керектігін, қандай проблемалармен өмір сүретіндігін, оны қалай шешуге болатынын және т.б.туралы басқалардан артық біледі. Мемлекетке сөз жүзінде емес, іс жүзінде осы ұйымдармен ынтымақтастық орнатып,  барлық проблеманы бағыт-бағдар бойынша тарқатып, шешімдерді пысықтап, жауапкершілікті өз мойнына алып, азаматтық қоғаммен бөлісіп, әрекет жасауға кірісу керек! Оң нәтиже шығару үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалог пен өзара әрекет орнату маңызды», – деді Аружан Саин.

Women in Business – бұл бизнес-ортаны, қоғамды, экономикалық саясатты және салалық мамандандыруды дамытудағы ең проблемалық тақырыптар талқыланатын диалог алаңы.

«Сенім тақырыбына оралсақ. ҮЕҰ мен мемлекет бір-біріне сену үшін ашық әрі адал жұмыс істеуі керек. Біз өз жұмыс жүйемізді  мемлекеттік органдардың қалай жұмыс істегенін қалайтынымызды көрсететіндей етіп құрдық. Тек біз ерікті қайрымдылық, ал мемлекет міндетті салық жинайды.

Сонау 2006 жылы біз «ДОМ» қорына қатысты банктік құпиядан бас тарттық. Сол кезде жұмыс істеп тұрған «Казкоммерцбанкке» кез келген жеке немесе заңды тұлғаның өтініші бойынша шоттағы қозғалыстар туралы ақпаратты беруге ресми рұқсат бердік.   Ал интернет-банкингтің дамуымен ашықтықты қамтамасыз ету әлдеқайда жеңіл бола бастады.

Бүгінгі күні бізде көмек көрсетудің 15 түрлі әдісі бар. Сіз дәл қазір www.detdom.kz  сайтындағы «Есептер» бөліміне кіріп, көмек көрсетудің қандай жолдары бар, сондай-ақ кім және қанша ақша аударғанын көре аласыз.

Жеке деректерді, аты-жөндерін және басқа да құпия ақпаратты ашпай-ақ, біз толық қаржылық есепті жариялап отырмыз. Әркім өзіне ыңғайлы әдісті таңдап, баланың еміне қаражат бөле алады. Дәл сол жерде кімнің қандай көмек алғанын көруге болады. Сайтта қордың барлық қызмет бағыты бойынша толық есептер, сондай-ақ сыртқы аудит нәтижелері жарияланған, бұл біз үшін қағида тұрғысында өте маңызды», – деп түйіндеді сөзін қоғам қайраткері Саин.