Бельгиялық парламентарийлердің сапары

2023 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин «Бельгия – Қазақстан» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтың төрағасы Тим Ванденпут бастаған Бельгия Корольдігі Федералдық Парламентінің депутаттарымен кездесті. «Аутизмді жеңеміз!» орталығы ғимаратында өткен басқосуда мемлекет пен ҮЕҰ серіктестігі тақырыбында кең ауқымды мәселелер талқыланды.

2021 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барды. Сарап аясында ол Король Филипп және Премьер-министр Александр Де Кроспен келіссөздер жүргізді. Бұл кездесу екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

Одан екі ай бұрын балалар омбудсмені Бельгияға барып қайтқан еді. Бұл сапар мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс, балалар мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау бағдарламалары, сондай-ақ интеграцияланған және инклюзивті білім беруді ұйымдастыру саласындағы Бельгия мен Люксембургтің озық тәжірибесін зерделеу мақсатында Қазақстанның осы елдегі елшісі Марғұлан Баймұханның көмегімен ұйымдастырылды. 

Осы ретте Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның Socieux+ Еуропалық Одақтың жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау жөніндегі сарапшылық орталығымен алғашқы кездесуі өтті. Бұл ұйымды Қазақстандық тарап балаларды интернаттық мекемелерде ұстаудың ескірген жүйесін өзгертіп, оның орнына кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу процесіне консультациялық қолдау көрсету үшін таңдаған болатын.

Міне, енді  тағы кездесу өтті. Бельгиялық делегация құрамына Федералдық Парламенттің екі палатасы – Сенат пен Өкілдер палатасының өкілдері (ӨП) кірді: Open Vld партиясының атынан (Open Vlaamse Liberalen en Democraten – Ашық фламандтық либералдар мен демократтар),  «Бельгия – Қазақстан» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтың төрағасы Тим Ванденпут, (Parti Socialiste – Социалистік партия), ӨП Конституция және институттық реформалар комитетінің төрағасы Өзлем Өзен, ӨП Сыртқы байланыстар комитетінің төрағасы Элс Ван Гуф (Christen-Democratisch en Vlaams – Христиан-демократтар және флемингтер), ӨП Сыртқы байланыстар комитетінің мүшесі Мишель Де Махд (Mouvement Réformateur – Реформа қозғалысы), сенаторлар Лео Питерс (Vlaams Belang – Фламанд мүддесі) және Алессия Клас (Nieuw-Vlaamse Alliantie – Жаңа Фламандтық альянс), сондай-ақ Парламент Аппаратының мүшесі Марк Джоллинг.

Бельгиялық қонақтар «Аутизмді жеңеміз!» орталығының жұмысымен танысып, балалар омбудсменімен екі ел арасындағы ана мен бала, әлеуметтік қорғау, спорт, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселелерді, сондай-ақ мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестік тақырыбын талқылады.

Бельгия Корольдігі Федералдық Парламенті депутаттарының ағымдағы сапары 16 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (жоғарғы палата) Мәулен Әшімбаевпен кездесуінен басталды, ал келесі күні қонақтарды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қабылдады.