Балалар омбудсмені бельгиялық әріптестерімен тәжірибе алмасты

2021 жылдың қыркүйек айының соңғы декадасында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Брюссельде және басқа қалаларда Бельгияның  мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау саласындағы үздік тәжірибесін, балалар мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау бағдарламаларын, сондай-ақ біріктірілген және инклюзивті білім беруді ұйымдастыруды зерделеу мақсатында бірқатар кездесу өткізді. Сапар Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің көмегімен ұйымдастырылды.

Балалардың құқықтары жөніндегі ұлттық комиссияның (NCRC) президенті Карен ван Латхеммен кездесу барысында балалардың құқықтарын федералды және Бельгияның қауымдастықтары мен аймақтары деңгейінде қорғау бойынша биліктің күш-жігерін үйлестіру мәселелері талқыланды. Елдің аумақтық-әкімшілік құрылымына байланысты Бельгия Корольдігінің дербес адам құқықтары институттары аймақтық деңгейде жұмыс істейді.

Осыған байланысты Қазақстанның балалар омбудсмені мүгедек балаларға психологиялық, медициналық және педагогикалық қолдаудың бельгиялық жүйесі егжей-тегжейлі ұсынылған Шарлеруадағы (Валлония)  өмірді жақсарту жөніндегі аймақтық агенттігіне (Agence pour une Vie de Qualité, AViQ), сондай -ақ балалар мен отбасын дамыту институтына (Institut pour le Développement de l’Enfant et de la Famille, IDEF) барып қайтты.

Өз кезегінде Аружан Саин Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы ақпаратпен бөлісті. Реформаның басты мақсаты – балалардың мүгедектігін алдын алу үшін денсаулыққа тиер қауіп-қатерді және ерте көмек көрсетудің кепілдендірілген жүйесін құру.  Ал функционалдық мүмкіндіктері бұзылған балалар үшін қызметтер мен оңалтудың техникалық құралдарының саны мен сапасын қамтамасыз етіп, емдеу мен оңалтудың жеке тәсілін  қалыптастыру қажет. Сонымен қатар, ол мемлекеттік бюджет есебінен балаларды спорт және шығармашылықпен қамтамасыз ету саласындағы тағы бір реформа жайлы айтып берді.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған Брюссель Корольдік институтында (Institut Royal d’Accueil pour le Handicap Moteur, IRAHM) физикалық жағдайы мен психологиялық бейнесінің ерекшеліктерін ескере отырып, балаларға арналған оңалту бағдарламаларының тәжірибесі қарастырылды.

Сондай-ақ, Қазақстандық омбудсмен Валония-Брюссель федерациясының бала құқықтары жөніндегі бас уәкілі (Fédération Wallonie-Bruxelles) Бернар Де Воспен (Délégué Général des Droits de l’Enfant, DGDE) кездесті. Ол дамуында ауытқуы бар балаларға инклюзивті білім беру саласындағы интеграциялық саясат және мигрант балалардың интеграциясы туралы сөз қозғады. Тараптар осы мәселелер бойынша барлық елдерде талқылаулар жүріп жатқанын және мәселені шешудің дұрыс жолдары іздестіріліп жатқанын атап өтті. Алдын алу мен ерте араласу жүйесін талқылаған тараптар, жаңа туған сәбилерді скринингтен өткізу мен ерте жастағы балалардың дамуын бақылау өте  маңызды деген пікірге келді.

Сонымен қатар, сапар барысында Аружан Саин бұрын Польшаның отбасы, еңбек және әлеуметтік саясат министрінің кеңесшісі қызметін атқарған, қазір 155 елде жұмыс істейтін «SOCIEUX+» компаниясының әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Мажена Брезамен жеке кездесу өткізді. Тараптар фостерлық (кәсіби) отбасы институтын енгізуде ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесулер нәтижесінде балалардың құқығын қорғау мәселелерінде тиісті ақпарат алмасу және байланыстарды сақтау туралы келісімге қол жеткізілді.