Балалардың құқығын қорғау – ересектердің ардақты міндеті

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына кіріскеннен бері (2019 жылдың 18 шілдесі) Аружан Саинның негізгі қызметінің бірі – балалар құқықтарының бұзылуы фактілері бойынша азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың өтініштерімен жұмыс істеу…

Өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатында, қатысушы мемлекеттің БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясына бейілділігін растай отырып, әлемдік қоғамдастықтың балалар өмірі үшін қолайлы және мейірімді ортаны қалыптастырудағы күш-жігерін қолдай отырып,  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 10 ақпандағы №192 Жарлығымен құрылды.

Дәл осынды балалар омбудсменінің міндеттері мемлекеттік және қоғамдық мекемелермен бірлесіп (осы жерде Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетін ерекше атап айту керек), балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру болып табылатыны белгіленген.

Аружан Саинның Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған үш жыл ішінде балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыс атқарылды (Уәкілдің 2019-2021 жылдардағы қызметі туралы есептерді қараңыз), алайда алда әлі талай жұмыс бар. Атап айтқанда, бұл өзекті әрі өмірлік маңызды тақырып – балалар құқықтарының бұзылуына қатысты азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың өтініштерімен жұмыс істеу.

2019 жылдың 18 шілдесі мен 2022 жылдың 17 тамызы аралығында балалар омбудсменінің атына 1137 ресми өтініш келіп түсті (246-сы 2022 жылғы): оның 1058-і қаралды (сауалдар уәкілетті органдарға жіберілді. Шағымдарды қарау нәтижелері бойынша азаматтар қанағаттандырылды), 79-ы өндірісте.

Өтініштердің басым бөлігі бұрынғыдай қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты, бірақ 2021 жылдан бастап, сот істері және қорғаншылық пен қамқоршылық мәселелеріне қатысты өтініштер санының тұрақты өсуі байқалады.

Өкінішке қарай, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты өтініштер азаймауда. Кейбір шағым бойынша ақпарат расталмады, көптеген іс сотқа жолданды, қалған өтініштер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, уәкілетті органдармен жұмыс жалғасуда.

Келіп түскен өтініштерді тақырыптар бойынша (құқықтық көмек, білім беру, тұрғын үй мәселелері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, бала құқықтарының бұзылуы, алимент, медициналық көмек, спорт және т. б.) және азаматтардың БАҚ пен әлеуметтік желілерде көтерген мәселелерін топтастыратын болсақ, бұл құқық бұзушылықтардың түп-тамырын байқап, жүйелі өзгерістердің қадамдарын айқындай аламыз:

  • Қылмыстық іс жүргізу – 129 өтініш (120 қаралды + 9 өндірісте);
  • Сот істері – 108 (105+3);
  • Қорғаншылық және қамқоршылық – 94 (88+6);
  • Білімі – 89 (80+9);
  • Сексуалдық зорлық-зомбылық – 65 (62+3);
  • Алимент және әке болуды анықтау – 64 (63+1);
  • Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін бұзу – 61 (57+4);
  • Тұрғын үй мәселелері – 60 (57+3);
  • Ата-анасы ажырасқаннан кейін балалардың тұрғылықты жерін анықтау – 55 (50+5);
  • Консультациялар – 54;
  • Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – 51 (42+9);
  • Құқықтық көмек – 50 (47+3);
  • Медициналық көмек – 39 (38+1);
  • Әлеуметтік және басқа да көмек – 34;
  • Спорт – 32 (30+2);
  • Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты шағымдар – 20 (14+6);
  • АӘК және басқа да жәрдемақылар – 19;
  • Балалардың мүгедектігі (алу, шығару) – 18 (17+1);
  • Құжаттарды қабылдау және ресімдеу – 16 (15+1);
  • Балалардың тұрған жері бойынша көмек көрсету – 11 (8+3);
  • Заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар – 10;
  • ЖСО әрекетсіздігі – 9;
  • Несиелер – 8 (7+1);
  • Ойын алаңдарының құрылысы – 7;
  • Буллинг (қорқыту) – 4;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық – 3;
  • Емдеу – 3;
  • Қаражатты жымқыру – 2;
  • Сот актілерін орындамау – 2;
  • Әртүрлі – 23 (17+6).

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енгенін айта кеткен жөн (ары қарай ӘРПК), оның 64-бабының 1-тармағында былай делінген: «Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады».

Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың жаңа тәртібіне сәйкес әрбір (!) өтініш бойынша міндетті түрде «әкімшілік процедура» басталады. Оның барысы, оны бақылау және нәтижелерін көрсету ӘРПК-да толық көрсетілген. Сонымен, өтініші жазыңыздар – және міндетті түрде қол қойыңыздар!