Балалардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс

2021 жылдың 3 желтоқсанында Zoom платформасында 19 қарашада атап өтілетін Халықаралық балаларды қорғау күніне және Халықаралық мүгедектер күніне (3 желтоқсан) арналған онлайн баспасөз конференциясы өтті. Конференция барысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин өз қызметінің негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері балалар құқығын қорғаудың басқа да маңызды аспектілері туралы айтты.

2019 жылдың 18 шілдесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімімен «Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қорының негізін қалаушы Аружан Саин Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Осы екі жарым жыл ішінде балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бағытында орасан зор жұмыс атқарылды. Дегенмен алда  талай шешілмеген  мәселе бар. Бұл  азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың өтініштері, балаларға қарсы жасалған қылмыстар, бала саудасы, интернаттық мекемелердегі балалардың өмір сүру жағдайлары (балалар үйлері, бөбектер үйлері, медициналық-әлеуметтік мекемелер), осы мекемелерді алмастыратын кәсіби отбасылар (фостерлік), орфандық ауруларға шалдыққан  науқастарды (балаларды) дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық, балалар спорты мен шығармашылығын дамыту жөніндегі реформалар және балалар мүгедектігінің деңгейін азайту сияқты маңызды мәселелерге қатысты.

БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самек және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы басшысы Артур ван Дизеннің сөзімен ашылған баспасөз конференциясында осы және басқа да балалар құқығын қорғаудың маңызды аспектілері талқыланды.

Баспасөз конференциясына балалар омбудсменінен басқа бірқатар министрлік пен ведомствоның өкілдері қатысып, балаларды қорғаудың түрлі саласындағы мемлекеттік саясат туралы сөз қозғады: Алмас Әміров, ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі – бала саудасына жол бермеу, Санжар Әділов, ІІМ Тергеу басқармасының бастығы –  балаларға қарсы жасалған қылмыстар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс, Еркебұлан Асанбаев, ҚМА профилактика және аналитикалық дамыту бөлімінің басшысы – балалар мекемелерінде тәрбиеленетін балалардың құқықтарын қорғау механизмі ретінде жымқырудың алдын алу, Бибігүл Асылова, БҒМ вице-министрі – ерекше жағдайларда құқығы бұзылған балаларға қолдау көрсету, БҚҚК (Балалардың құқықтарын қорғау комитеті) және ВАК (ведомствоаралық комиссия) жұмысы жайлы, Гүлзия Бидатова, Жобалық кеңсесінің жетекшісі – Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыру,

Сонымен қатар, м.ғ.д, ҚБ «Арди» білім беру ресурстық орталығының директоры Ирина Брежневаның («Алғашқы 1000 күн»), «Өмірге сен» Қоғамдық Қорының директоры Сабиля Шугелованың («Орфандық ауруларға шалыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері»), РҚБ «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» атқарушы директоры Динара Есимованың(«Әлеуметтік қызметтердің жұмысы»), Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Розы Ақылбекованың («БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясына сәйкес БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің қорытынды ескертулері мен ұсынымдарын Қазақстанда жүзеге асырылуы») баяндамалары балалардың денсаулығын сақтау құқықтарының әртүрлі аспектісіне арналады.

4 сағаттан астам талқылауды қорытындылай келе, Балалар омбудсмені былай деді: «Әрбір отбасы үшін ең маңыздысы – балалардың амандығы. Әрбір мемлекеттің басты байлығы – өз Халқы. Сондықтан баланың неғұрлым құқықтары қорғалған, оның дамуына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне зор күш, мүмкіндік, ақша жұмсалған болса, елде
соғұрлым аяғынан нық тұрған ересектер саны артады. Ақылды, мейірімді, бақытты, өз жолын саналы таңдай алатын ересектер – өз елін барлық жағынан мықты ететін халыққа, демек мемлекеттің басты капиталына айналады. Бұл экономикада, ғылымда, білімде, спортта және өнерде де байқалады.

Шешілмеген мәселелер сөз жүзінде ғана қалмауы тиіс. Бізге оны кезең-кезеңімен шешу қажет! Ал оның бірден-бір жолы – Қазақстандағы балалардың, сонымен қатар олардың ата-аналарының, ата-әжелерінің, тіпті БАРЛЫҚ Қазақстан азаматтарының өмірін жақсарту үшін шешілмеген мәселені талдап, оның себептерін түсініп, қорытынды жасау.  Бұл нағыз сарапшыларды, әр саланың кәсіби мамандарын қажет ететін орасан зор жұмыс. Жүйені, тәсілдерді өзгертіп, реформаларды нақты жүзеге асыруымыз керек. Әрине, біреуінің жемісін тез арада көреміз, ал басқасының нәтижесін көру үшін көбірек уақыт кетуі мүмкін.

Алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Балалардың өмірін жақсарту, бала құқықтарын қамтамасыз ету арқылы Қазақстанды гүлденген елге айналдыру өз қолымызда».

Г.Бидатованың презентациясы және баспасөз конференциясының басқа қатысушыларының сөздерінің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерін мына сілтеме бойынша жүктеп алуға болады: https://we.tl/t-1j5hnd8mkp, конференцияның толық нұсқасын YouTube арнасынан қараңыз – https://youtu.be/J2XglqE4GAA.