«Балалар» ведомствоаралық комиссиясының 30-шы отырысы өтт

2021 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин ҚР Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) Zoom платформасында онлайн-конференция режимінде өткен ХХХ отырысына қатысты.

Отырыс ВАК  төрағасы, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзімен ашылды. Содан кейін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесі (ББЖ) және санитарлық-гигиеналық ыңғайлықпен (жылы дәретханалармен) қамтамасыз етілуін талдады.

Балабақшалар мен мектептерге орнатылған ББ жүйесінің санына наразылық болмағанымен, оның сапасы күмән тудыруда. Сонымен, Алматы қаласының барлық мектебіндегі, Алматы және Түркістан облыстарындағы көптеген мектептегі, Қостанай облысындағы мектептердің үштен бірінде бейнебақылау жүйесі «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтауға стандарттарды және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР ІІМ 2019 жылғы 23 қаңтардағы №49 және ҚР БҒМ 2019 жылғы 23 қаңтардағы №32 бірлескен бұйрығының  талаптарына сәйкес келмейді.

Түркістан және Алматы облыстарындағы  бірқатар мектеп (сәйкесінше 64 және 20) жылы дәретханалар тұрмақ,  қора-қопсы дәретханамен  жабдықталмаған! Бұл мәселе қосымша білім беру ұйымдарына да қатысты. Түркістан (Сәкен Қалқаманов) және Қарағанды ​​(Абзал Нүкенов) ​​облыстары әкімдерінің орынбасарлары өз аймақтарына айтылған ескертулерге жауап берді. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиянат атап өткендей, Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың 38-тармағында 2020 жылдың тамыз айынан «Жобаланатын, салынып жатқан және реконструкцияланатын білім беру объектілерінде кәрізденбеген және ішінара кәрізденген жерлерде санитариялық тораптар ғимаратта (мектеп, жатақхана, оқу корпусы) орналастырылады» деген шарт қойыла бастағанына  қарамастан осындай жағдай туындауда.

Осыдан кейін төраға жақында Қазан қаласында орын алған қайғылы оқиғаны еске салып, сөзді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебековаға берді. Ол білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ұсыныстарын террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға негіздеді.  

ҚР Білім және ғылым министрлігі (ҚР БҒМ) Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің (БҚҚК) төрағасы Есенғазы Иманғалиев ВАК-ның алдыңғы, XXІХ отырысының хаттамалық шешімдерінің орындалуы жайлы мәлімдеді: алдыңғы отырыстан бері бір жарым ай ішінде 24 ұсыныстың 15-і орындалды, 2-уі орындалмады, 7-уінің орындалу мерзімі бар.

БҚҚК төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев пен «Экономикалық зерттеулер институтының» стратегиялық әзірлемелер және тұрақты даму орталығының директоры Бақытгүл Қамбар Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық мониторинг механизмі – қазақстандық балалардың әл-ауқаты индексін әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру жөнінде баяндама жасады.

Кездесудің үшінші үлкен тақырыбы мемлекеттік спорт мен шығармашылық тапсырыстарды орналастыруға қатысты болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов сөз сөйлеп, оның сөзін  Қарағанды ​​облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов толықтырды.

Балалар омбудсмені шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізуде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі деңгейінде де, жергілікті атқарушы билік деңгейінде де ұйымдастырушылық және қаржылық қиындықтарға тап болуы жайлы пікір білдірді.