Балалар – саудаласу заты емес

2022 жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Болат Дембаев балаларды заңсыз асырап алу арқылы жасырын түрде сатудың схемалары анықталғаны жайлы Zakon.kz порталына айтып берді. Бұл Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның Мемлекет басшысына жазбаша үндеуі бойынша құрылған ведомствоаралық топ жұмысының нәтижесі.

Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанда бала саудасына қатысты бірнеше сот ісі қаралған еді, оның ішінде ең атышулысы Алматы мен Шымкентте өткен сот процестері. Содан бері жаза айтарлықтай қатайтылғанымен (төменде қараңыз) жағдай аса өзгерген жоқ.

«Кәмелетке толмағандарды саудаға салу» ҚР ҚК 135 бабына сәйкес, «Кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмiлелер жасау, оны пайдалану не азғырып-көндiру, әкету, бepу, жасыру, сол сияқты пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау» – мүлкiн тәркiлеп (МТ), 5 жылдан 9 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, дәл осы әрекеттер органдарды сату мақсатында немесе айыпты ауырлататын өзге де жағдайлар бойынша жасалған болса – МТ, 9 жылдан 12 жылға дейiнгі, ал баланы шетелге шығару мақсатында – 10-нан 15 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2021 жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесуі барысында халықаралық және ішкі бала саудасының схемалары және оны жоюдың жолдары көрсетілген аналитикалық жазба табыстады.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар беріп, Президент Әкімшілігінің бақылауымен ведомствоаралық топ жұмыс істей бастады, бұл топта басты рөлді Бас прокуратураның қызметкерлері атқарды.

2021 жылдың 15 қыркүйегінде Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетовтың Премьер-Министр Асқар Маминге жасаған ұзақ баяндамасы осы еңбектің нәтижесі: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың жасырын саудасы аясында бала асырап алу мәселелерін зерттеді. Балаларды заңсыз асырап алудың/үшінші тұлғаларға берудің,  соның ішінде шет мемлекеттердің азаматтарына берудің жаппай жағдайларына әкелген бірнеше заңсыз схема анықталды. Бұзушылықтарға лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігі, заңнамадағы олқылықтар және жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың (ары қарай – Балалар банкі), оларды өз отбасына қабылдауға ниетті адамдардың республикалық деректер банкісінің жетілдірілмегендігі ықпал етуде…».

Құжат соңында анықталған заң бұзушылықтарды, сондай-ақ оларға ықпал еткен себептер мен шарттарды болашақта жою және алдын алу бойынша 8 іс-шара кешені ұсынылады.  ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев осы схемалардың кейбірі жайлы Zakon.kz тілшісіне айтып берді.

Ең көп таралған схема – некедегі ер адам басқа әйелдің, көбінесе оған мүлдем бейтаныс әйелдің баласына әке болып анықталуы.  Осыдан кейін  биологиялық ана баладан бас тартып, оны әке деп анықталған адамға береді. Тізбектің соңында бұл адамның заңды әйелі баланы заңды түрде асырап алады.

Иә, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі 47-бабының 4-тармағына сәйкес, тіркеуші органға бірлескен өтініш бойынша баланың анасымен некеде тұрмаған адамның әкелігін анықтауға рұқсат бар.  Мұндай норма баланың мүддесіне сай келеді, бірақ сонымен бірге азаматтарға, оның ішінде шетелдіктерге заңда белгіленген бала асырап алу тәртібін аттап өтіп, ешқандай қосымша тексерусіз әке болуды заңды түрде анықтауға мүмкіндік береді. Тергеу көрсеткендей, көп жағдайда әке деп көрсетілген ер адамдар генетикалық жағынан баланың әкесі болып табылмайды, ал биологиялық ана әке болуды мойындаған адамнан ақшалай сыйақы алған, яғни шын мәнінде бұл бала саудасы.

Осыған байланысты Бас прокуратура үкіметке «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске түзету енгізуді ұсынды, оған сәйкес бұл факт генетикалық сараптама арқылы расталған жағдайда ғана әке деп тануға болады. Бірақ бұл ереже тек шетелдіктерге және некеде тұрған адамдарға, сондай-ақ бұрын баланың әкесі ретінде басқа ер адам көрсетілген жағдайларға қатысты болады.

Жасырын бала саудасының тағы бір кең таралған схемасы – бұл биологиялық ананың баладан белгілі бір тұлғаның\тұлғалардың пайдасына бас тартуы туралы нотариалды куәландырылған арызы негізінде баланы сот тәртібімен асырап алу. Қолданыстағы заңнама бойынша, балаларды үшінші тұлғалардың пайдасына бас тарту көзделмеген, яғни сәйкесінше олармен кез келген нотариаттық әрекет жасау заңсыз болып табылады.

Осыған орай, Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің бастамасымен Республикалық нотариаттық палата аумақтық нотариаттық палаталарға баладан бас тарту туралы арыздарды куәландыруға тыйым салуды, сондай-ақ мұндай әрекеттер туралы құқық қорғау органдарын хабардар етуді тапсырды. Сонымен қатар балаларға қатысты сенімхаттар беру және басқа да нотариаттық әрекеттерді есепке алу e-notary Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесінің функционалдығы да жетілдірілді.

Болат Дембаевтың айтуынша, 2015 жылдан 2021 жылдың сәуіріне дейін соттар аталған схемалардың белгілері байқалған бала асырап алу туралы 800-ге жуық азаматтық іс қараған. Олардың кейбіреуі ғана әке болуды сенімді түрде растады (тиісті құжаттар бар немесе молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізілген), дегенмен, соған қарамастан, барлық өтініштің шамамен 90% қанағаттандырылған. Бала асырап алу және әке болуды анықтау істерінде прокурордың қатысуы және молекулалық-генетикалық сараптаманың қорытындысын беру міндетті болғаннан кейін бұл көрсеткіш 14 пайызға дейін төмендеді.

Сондай-ақ, балаларды жасырын саудалау схемаларын жою мақсатында 2016 жылы құрылған РДБ (Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі) жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылданды.

Балалар мен әлеуетті асырап алушылар арасындағы қарым-қатынас кестесін қалыптастыру тәртібі өзгертілді, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының деректерге қолжетімділігі бар барлық қызметкеріне толық тексеру жүргізілді.

Білім және ғылым министрлігі балаларды одан әрі бақылау үшін РДБ мен ҰББДБ біріктірді (Ұлттық білім беру деректер базасы – 2013 жылдан бері жұмыс істейтін білім беру саласындағы бастапқы статистикалық деректерді жинау және өңдеу бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе).

Айта кету керек, құқық қорғау органдары Қазнет пен әлеуметтік желілерде «жанды саудаға» қатысты жарнамаларды қарқынды түрде қадағалап отыр. Бұл ретте оларға азаматтық борышы – бала саудасы орын алды деген күдік туындаған жағдайда 102 нөміріне хабарласатын саналы азаматтар көмектесе алады.

Бала саудасы анықталған схемаларда қылмыстық құқық бұзушылық екенін толық түсінбейтін, немесе түсіне отырып, балалы болу үшін қылмысқа барған азаматтар санатын ерекше атап өткен жөн. Әңгіме медициналық себептерге байланысты (репродуктивті функциялардың проблемалары) балалы бола алмайтын, сондықтан бала асырап алу (қамқоршылыққа/қамқорлыққа алу) жайлы шешім қабылдаған қазақстандық асырап алушы ата-аналар туралы болып отыр.

Жыл сайын Қазақстанда мұндай адамдардың саны артып келеді, бала асырап алуға кезекте тұрғандардың саны 8 мыңға жуық. Бұл адамдар алдымен бала асырап алуға құжат тапсыру үшін қорғаншылық органдарына келеді, ол жерде болашақ ата-аналарға рәсімнің күрделілігі, отбасына берілетін балалардың жоқтығы, кезекте ұзақ тұрудың қажеттілігі жайлы айта бастайды, ал сосын «мәселені шешудің» жылдам жолын ұсынады.

Оған қоса  суррогат ананың заң жүзінде бекітілген механизмдері бар. Өздігінен балалы бола алмайтын отбасы медициналық мәселесіне қарай анасының немесе әкесінің, немесе донорлық банктегі донордың биоматериалын пайдалану арқылы суррогат ананың көмегіне жүгініп, заңды түрде балалы бола алады. Бірақ бұл жерде мемлекет басшысының жасанды ұрықтандыруға (ЭКО) квота беру туралы тапсырмасын орындау маңызды, өйткені көптеген отбасы үмітін кесіп, ЭКО-дан бас тартады, себебі оның сәтті болуына кепілдік жоқ (кейде бірнеше рет ЭКО-ға жүгінуге тура келеді, өйткені эмбриондар жатырда тамыр алмайды) және процедура қомақты қаражатты қажет етеді. Квота санын көбейту сәбилі болуды арман еткен көптеген жұптың мәселесін шешер еді.