Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды қабылдады

2021 жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен кездесті. Кездесу барысында балалар спорты мен шығармашылғын дамыту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, балалар арасындағы мүгедек деңгейін төмендетуге бағытталған Жол картасын іске асыру және  балаларға арналған мемлекеттік интернат мекемелерін деинституализациялау сияқты бірнеше маңызды тақырып талқыланды.

Ең алдымен балалар омбудсмені 2020 жылғы 30 желтоқсанда Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңның күшіне енуіне байланысты қалыптасқан ахуал жайында айтты. Аталған заң мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар туралы түсінікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын балаларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды көздейді.

Алайда балаларға мемлекеттік бюджет есебінен спорттық үйірмелер мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік беретін жалғыз заң жеткіліксіз.  Заң 2021 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне еніп қана қоймай, толықтай жұмыс істеуі үшін: 1) мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстардың  жан басына шаққандағы  нормативтік қаржыландыру ережелері мен әдістерін анықтайтын нормативтік құқықтық актілер (НҚА) мен; 2) қызмет көрсетушілерді, секциялар мен үйірмелерге баратын балалардың ата-аналарын және  мемлекеттік тапсырыс операторлары – облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерін біріктіретін портал қажет. Бұл порталда мемлекеттік тапсырыс операторлары (әкімдіктер) мемлекеттік тапсырыстарды орналастырады, жеткізушілерді таңдайды, секциялар мен үйірмелерге қатысатын балалардың кезектілігін қалыптастырады.

2021 жылдың 27-28 сәуірінде барлық заңға тәуелді сегіз акті Мәдениет және спорт министрінің бұйрықтарымен бекітіліп, ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде орналастырылды. https://artsport.edu.kz мекенжайы бойынша портал іске қосылды, оған қызмет көрсетушілер – мемлекеттік тапсырысқа қатысуға ниет білдірген балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялар тіркеліп жатыр.

Сонымен қатар  Аружан Саин әкімдіктер тарапынан мемлекеттік тапсырысты орындауға бөлінетін бюджеттің жеткіліксіздігіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша аймақтар салтанатты іс-шаралар мен кәсіби командаларды қаржыландыруды азайтқанымен, бұл ақшаны балаларға бағыттамады. Балалар омбудсмені осы мәселе бойынша президенттен қолдау сұрады.

Келесі талқыланған тақырып – Балалар арасындағы мүгедектік.  Бұл бағыт Аружан Саин Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына келгеннен бері негізгі жұмыс  бағыттарының бірі болуда.  Балалар омбудсмені Мемлекет басшысымен алғашқы кездесуінде балалардың мүгедектігін айтарлықтай төмендетуге бағытталған бірқатар нақты шара ұсынған еді.

Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ), Білім және ғылым министрлігі (БҒМ), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚ) бірлесіп жасаған және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 17 тамыздағы №2020 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын бекіту бұл процестің қисынды жалғасы болды.

Жол картасында оннан астам маңызды міндетпен бірге Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен, ҚР Президенті Әкімшілігі және   ҚР Үкіметінің бақылауымен ДСМ, БҒМ, ЕХӘҚМ ведомствоаралық өзара әрекеттесуі бойынша жобалық кеңсе құру да қарастырылған. 2021 жылдың сәуір айында жобалық кеңсе құрылды.

Балалар омбудсмені балалар арасындағы мүгедектікті төмендету мәселелесін талқылауға сарапшылар қауымдастығын тартып, Жол картасын іске асыру бойынша ведомствоаралық іс-шараларға белсенді қатысуда. Міне, ол осы кездесу барысында да мемлекет басшысына Жол картасын іске асыру ахуалы жайлы,   есеп беру кезеңінде туындаған проблемалар туралы ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, талма, орфандық және басқа да ауруларға шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты бірқатар шешілмеген проблема бар.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президентке денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру жүйелеріндегі мекемелерде, оның ішінде, интернатта, балалар үйінде және мамандандырылған интернаттарда білім алатын балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ балалар құқығын қорғауға байланысты заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

Соңғы кезде аталмыш мекемелердегі бірнеше ақша жымқыру жағдайы қоғам арасында ащы талқыға ие болды, оның ішінде мемлекеттік жәрдемақы аударылатын  балалардың жеке шоттарынан қаржы жымқыру фактісі бар.

Уәкіл Президентке құқық қорғау органдарының жүргізген тексеруі және қылмыстық істер қозғалғаны жайлы анықтамалар көрсетті. Өкінішке қарай, еліміздегі балаларға қатысты көптеген мәселе және олардың құқықтарының бұзылуы жүйелі сипатқа ие екенін мойындауға тура келеді. Бұл сыбайлас жемқорлық, жауапсыздық, мемлекет тарапынан тиісті бақылаудың болмауымен байланысты.

Аталмыш мекемелердегі балалардың құқықтарын қорғау, денсаулығын сақтау, оларды тиісті тамақ, киім-кешек және сапалы өмір сүруге қажетті барлық затпен қамтамасыз ету мақсатында Уәкіл бірқатар ұсыныс жасады.

Ең бастысы, мемлекеттік мекемелерді деинституализациялау арқылы әр баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ету,   қамқоршылық, асырап алу және патронаттық тәрбиенің отбасылық түрлерін қолдана отырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға уақытша болу нысаны ретінде кәсіби отбасыларын дамытудың әлемдегі ең сәтті моделіне көшу.

Қорытындысында балалар омбудсмені институтына мемлекеттік қолдау көрсету және оның әлеуетін аймақтық деңгейде нығайту мәселесі талқыланды. «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңды қабылдау өте маңызды. Себебі Қазақстанға бұл ұсынымдар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің және БҰҰ Комитетінің баяндамаларында берілген.  2021 жылдың 15 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттары алдында сөйлеген сөзінде де  уәкілетті өкілдер институтын нығайту қажеттілігіне тоқталып өткен болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғаудың аса маңызды екенін айта келе, көтерілген мәселе бойынша бірқатар тапсырма беріп, мұны әрқашан жіті бақылауында ұстайтынын айтты. Президент барлық баланың құқығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің сөзсіз орындалуы, балалардың мұқтаждығы үшін бөлінген бюджет қаржысы олардың нақты қажеттілігіне жұмсалуы тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысы балалардың құқығына қатысты заң бұзушылықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттің жолы кесіліп, кінәлілер жазалануы керек деп санайды.

Анықтама үшін: Мемлекет басшысы мен балалар омбудсменінің осыған дейінгі кездесуі 2019 жылдың 5 қарашасында өтті. Бұл кездесу барысында балалардың денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуы, зорлық-зомбылықпен күресудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Бұдан бөлек Аружан Саин шала туған балаларда жиі кездесетін ретинопатия проблемасын шешудің жолын ұсынды. Оның айтуынша, ел бойынша орта есеппен жылына 20 мыңға жуық шала туған нәрестеге дәл осы диагноз қойылады. Ол Қазақстанда өмір сүру мен денсаулықтың қызмет етуінің, шектеулерінің халықаралық жіктемесі және  балалар мен жасөспірімдер денсаулығын бағалаудың жіктеу кодтарын тезірек енгізудің маңызыдылығын айтты.  Бұл балалардың денсаулығын, білімі мен құқықтарын жақсартуға және церебралды сал ауруымен ауыратын балаларға ғана емес, есту, көру, мендалды және психикалық нозологиялар сияқты барлық мүгедектік факторына негіз және жүйелі көзқарас құрастыруға көмектесдеді.  Сонымен қатар мүгедектікті төмендету үшін алдын алу және ерте араласу жүйесін қалыптастырады.