Балалар омбудсмені Мемлекет басшысымен бірге балаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылады

2023 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Балаларға қатысты көкейтесті түйткілдер талқыланып, Мемлекет басшысына талдау және мәселені шешудің жолдары көрсетілген егжей-тегжейлі есеп берілді. Кездесу нәтижесі бойынша балалар құқығын қорғау саласындағы түбегейлі өзгерістер үшін елеулі шаралар қабылданады деп күтіліп отыр.

Жыл сайын әлемнің 40-тан астам елінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні тойланады. Халқының үштен бірінен астамы 18 жасқа дейінгі (34,1%) Қазақстан да бұдан сырт қалмайды. Бүкіл елде өскелең ұрпақтың өміріне ересектер жауапты екенін білдіретін іс-шаралар өтіп жатыр.

Мемлекет басшысының дәл осы күні балалар омбудсменімен кездесуінің символдық мәні бар, себебі қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты 2016 жылғы ақпанда балалардың құқығы мен заңды мүддесіне кепілдік беру, сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық институттармен бұзылған құқықтар мен бостандығын қалпына келтіруде өзара іс-қимыл жасау үшін Президент Жарлығымен құрылды.

2019 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өкімімен бұл лауазымға «Мейірімділік» ерікті қоғамы» ҚҚ негізін қалаушы Аружан Саин тағайындалды. Осы уақыт ішінде балалардың құқығын бұзу фактісі бойынша азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың 1362 өтініші бойынша жұмыс жүргізілді. Балалар омбудсмені егер өтініштер мен халықтың БАҚ-тағы, әлеуметтік желілердегі мәселесін тақырып бойынша топтастырса, құқық бұзушылықтардың тамыры неде екенін көруге және балалар құқығы бұзылуының алдын алу үшін жүйелі өзгерістерге қажетті қадамды анықтауға болатынына Мемлекет басшысының назарын аударды. Мемлекеттік жүйе дұрыс жұмыс істесе, бұл өтініштердің көпшілігі болмас еді!

Мемлекет басшысы мен балалар омбудсменінің соңғы ресми кездесуі екі жылдан астам уақыт бұрын. Осылайша, қазіргі кездесу бір жағынан, осы екі жылда атқарылған жұмыстар жайлы есеп, екіншіден, мемлекеттің бірінші адамына өзекті әрі өмірлік маңызды дүниелерді сипаттай отырып, толғауы терең мынадай түйткілдерді шешудің жолдарын көрсету еді:

  1. Бала саудасының жолын кесу;
  2. Интернат типті балалар мекемесінде (балалар үйі, медициналық-әлеуметтік мекемелер) тұратын балалардың құқығын қорғау және жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасылық үлгіде өмір сүруін және тәрбиелеу құқығын іске асыру;
  3. Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының қазіргі мәртебесін ескеріп, балалар мүгедектігін төмендету жөніндегі реформа, ауруды ерте диагностикалау, анықтау және артынша емдеу/абилитация/үшін оңалту жүйесін қаржыландыру мәселесі, «Мүгедектікке алғашқы шығу деңгейі» көрсеткіші жайлы мәселе;
  4. Орфандық науқастарды (балаларды) дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
  5. Балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша тәжірибелік қадамдар, соның ішінде қауіпсіздік деңгейін арттыру, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, барлық оқушыны тегін ыстық тамақпен және жеңілдетілген мектеп формасымен қамтамасыз ету бойынша реформалар;
  6. Білім беру, мәдениет және спорт нысандарын мемлекеттік меншіктен шығару мен балалар бұқаралық спорты мен шығармашылығын дамыту үшін спорттық және шығармашылық мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу жөніндегі реформа;
  7. Қосымша білім беруді іске асыруда ақпараттық жүйелерді біріктіру және бірыңғай орталықтандырылған платформада спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерде балалар дәрісін жан басына шаққандағы қаржыландыру қажеттілігі;
  8. «Ашылмаған» қылмыстық істер бойынша ақпарат беру (тергеу және түпкілікті процестік іс жүргізу нәтижесі бойынша балалардың құқығы бұзылып, ешқашан қалпына келтірілмеген істер);
  9. Балалар құқығын қорғаудың өзге де мәселелері.

Бұған қоса, шынайы статистика алуға, балалардың құқығын іске асыру тетіктеріне, цифрландыру үдерістеріне, балалардың қажеттілігіне бағытталған бюджеттерді жоспарлауға, тиімді пайдалануға байланысты мәселелер қаралды.

Үкімет және Министрліктер, құқық қорғау мен бақылау-қадағалау органдары, балалардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге жауапты жергілікті атқарушы билік органдарымен өзара іс-қимыл туралы есеп берілді. Әрі ҮЕҰ-мен, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен, халықаралық серіктестік бойынша өзара іс-қимыл туралы да баяндалды.

Мемлекет басшысы бұл мәселелер бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің сайтынан 2019 (орысша), 2020, 2021 және 2022 жылдары атқарылған жұмыс туралы есепті, сонымен бірге балаларға қатысты толғақты мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен жазысқан хаттарды көре аласыздар (орысша).