Бала құқықтарының бұзылуы заңдарды сақтамаудың және НҚА орындамаудың салдарынан туындайды

«Zańger» («Заңгер») журналының кезекті санында «Заңдарды сақтамау және НҚА орындамау балалар құқығының бұзылуына алып келеді» тақырыбымен Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның мақаласы шықты.

Өзін Қазақстан Республикасының құқықтық хабаршысы атайтын «Zańger» журналының 2021 жылғы №7 (240) шығарылымы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелеріне арналды.

Тақырып ҚР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаевтың «Балалардың қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз» атты  мақаласымен ашылды. Министрдің айтуынша, «ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған мыңнан астам қылмыс тіркелді. Оның жартысына жуығы жыныстық қолсұғылмаушылыққа қатысты. Өкінішке қарай, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнаманың жетілдірілгеніне әрі қатайтылғанына қарамастан, мұндай озбырлық жалғасын табуда. Айта кету керек, мұндай қылмыстар жасырын, беймәлім сипатта болғандықтан оларды алдын алу өте қиын. Мұндай әрбір екінші қылмыс тұрғын үйде жасалады, ал онда полицияның кіруіне шектеу қойылған. Бұл ретте кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 70 пайыздан астамын балалар сенім білдіретін жақын адамдар жасайды. Бұл – әкелер, аналардың бірге тұратын адамдары, өгей әкелер, туыстар, көршілер, таныстар».

Аружан Саин өз мақаласында бала мүгедектігі саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды. Бұл мәселелерді 2021 жылдың сәуірінде құрылған үш министрліктің – денсаулық сақтау, білім және  халықты еңбек және әлеуметтік қорғау ведомствоаралық өзара іс-қимыл жөніндегі Жобалық кеңсесі  шешуі тиіс.

Аружан Саин былай деп бастады: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы әр азаматтың денсаулығын қорғау құқығына кепілдік береді. Сондықтан дүниеге келген баланың, болашақ ересек азаматтың тағдырына кері әсер ететін салдардың алдын алу үшін мемлекет мемлекеттік жүйенің ең дұрыс әрекеттерін қамтамасыз етуге міндетті.

Өкінішке қарай, еліміздегі жағдай үлкен алаңдаушылық туғызуда. Жыл сайын мүгедек балалардың саны артып келеді, ал көптеген салада мүгедектіктің алдын алу шаралары мүлдем орындалмайды. ҮЕҰ, пациенттік ұйымдар, орфандық және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың ассоциациялары/одақтары біраз жыл бойы осы мәселені билікке жеткізуге тырысып жүр».

Бұл мақалада Балалар омбудсмені қолында бар барлық ақпаратпен бөлісуге тырысқан.  Ол елдегі денсаулық сақтау саласының жүйелік мәселелерін шешу және азаматтардың мүгедектігін ерте жасында төмендету мақсатында балалардың өмір сүру және денсаулығына қатысты  құқықтарының сақталуы  бойынша жасалып жатқан жұмыстардың қазіргі жағдайына талдау жасап, қорытындылайды.

Мақаланың PDF-файлын мына сілтеме бойынша жүктеп алуға болады.