ARTSPORT реформасы бойынша ата-аналар жиныны өтті

2022 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Zoom платформасында онлайн-конференция режимінде өткен балалар спорты мен шығармашылығын жан басына шаққандағы қаржыландыру реформасын жүзеге асыру мәселелері бойынша бірінші жалпыұлттық ата-аналар жиналысына қатысты.

Міне, бір жылға жуық уақыттан бері шығармашылық және спорттық мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру арқылы балалардың әлеуетін дамытуға қолдау көрсетуге шақырған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде балалар спорты мен шығармашылығын жан басына шаққандағы қаржыландыру реформасы жүзеге асырылуда. Алайда қазір миллиондаған бала сүйікті спорт және өнер түрімен айналысуға заңды құқығынан айрылып, ARTSPORT бағдарламасына қатыса алмай отыр. Себебі Қазақстанның барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жаңа қатысушылардың бағдарламаға қосылуы тоқтылған. Сонымен қатар  реформаға тартылған балалардың өзін ары қарай қаржыландыруда да  қиындықтар туындауда…

Анықтама үшін: Бүгінгі күні ArtSport.kz платформасында 596 216 ваучер іске қосылды (ваучер шығармашылық үйірме немесе спорт секциясына тегін баруға құқық береді), яғни бұл Қазақстандағы жалпы бала санының 10%-на да жетпейді. Бұл ретте қаржыландырудың жоқтығына байланысты берілген 110 571 ваучерді іске қосу мүмкін болмай тұр. Оның үстіне Қазақстанның барлық аймағында ваучер беру тоқтатылған. Жергілікті билік бұл жағдайды «ARTSPORT» бағдарламасына жеткілікті қаржы бөлінбегенімен түсіндіруде. Мемлекеттік тапсырыс операторларының мұндай халыққа қарсы ұстанымы барлық жерде әлеуметтік шиеленістің күрт өсуіне себеп болып отыр.

Осыған орай ArtSportEdu қызмет жеткізушілер қауымдастығының қолдауымен ARTSPORT бағдарламасын жүзеге асырудың проблемалық мәселелері бойынша бірінші жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Zoom платформасында онлайн-конференция режимінде өткен кездесуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен бағдарламаға қатысушылардың 1 500-ден астам ата-анасы қатысты. Мәселені талқылауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс және қала әкімдіктерінің өкілдері, облыстық спорт және мәдениет басқармаларының басшылары, депутаттар да шақырылды.

Атап айтқанда, жиналыста Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, заңгер, реформаға қатысып жүрген 4 баланың әкесі Амантай Ерғалиев [скриншотта], ArtSportEdu қызмет жеткізушілер қауымдастығының төрағасы Лана Болат, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Вера Ким, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саида Тәукелева және т. б. ерекше белсенділік танытты. Талқылау нәтижесінде қоғам мен шенеуніктер арасындағы диалогты жұмыс тәртібінде жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Көптеген баланың ата-анасы егеменді Қазақстанның 30 жылындағы ең елеулі жетістігі деп атайтын реформаны жүзеге асыруда ұжымы көп еңбек сіңірген (әлі де жалғастыруда) Балалар омбудсмені Аружан Саин да талқылаудан қалыс қалмады.

Шараның бейнежазбасы YouTube видеохостингінде https://youtu.be/1OR10ePlgsw сілтемесі бойынша қолжетімді.