Алматылық дәрігерлер неміс нейрохирургімен бірлесіп гидроцефалия синдромымен ауыратын бірнеше балаға аса күрделі ота жасады

Оңтүстік астанадағы №2 Балалар қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургтері неміс елінен келген маманмен бірлесіп гидроцефалияның күрделі түрімен ауыратын балаларға ота жасады. Дәрігерлер жаңа әдісті қолдана отырып, еліміздің түпкір-түпкірінен келген 8 балаға операция жасап шықты.

«Операциялар «Милосердие» қоғамдық қоры ұйымдастырған халықаралық шеберлік класы шеңберінде жасалды. Оған балалар гидрофецалиясы мәселесімен айналысатын германиялық профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты. Шеберлік класына республиканың өзге өңірлерінен, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген 54 дәрігер қатысты. Олар шеберлік класы барысында шетелдерде өте қымбат тұратын операцияға қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Оталардың бәрі де жаңа интравентрикулярлы нейроэндоскопиялық жүйе негізінде жасалды», – деді №2 БҚКА директоры Марат Рабандияров журналистерге.

Аурухананың нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісі Данияр Сабденәлиевтің айтуынша, аталған синдромға шалдыққан балалардың миына сұйықтық жиналады. Дер кезінде диагноз қойып, ем-дом қабылдамаса науқастың өміріне қауіп төнеді. Ем-домның табысты болуы гидроцефалияның миды зақымдау деңгейіне, ауру белгілеріне, ауру салдарынан пайда болған ақауларға байланысты. Кейбір балалар анасынан осы синдроммен туылса, енді біреулердің миында су жүре келе пайда болады.
«Операция барысында эндоскопиялық камераны мидың қарыншаларына енгізіп, кисталарды бір-біріне қостық. Оның қиындығы да осында. Ота алдағы уақытта мұндай хирургиялық араласуды болдырмауға және пациенттің қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі манипуляциялардың балаларға көмектесері сөзсіз. Әсіресе, неврологиялық ауытқулар пайда болған және көру қабілеті нашарлаған науқастар операция нәтижесін бірден сезе бастауы тиіс», – деді Данияр Сабденәлиев.

Бұрын мұндай хирургиялық операциялар 2-3 кезеңмен жасалатын. Салдарынан балалар ота мен наркоз салдарынан көп қиналып, өз-өзіне келуіне көп уақыт қажет болатын. Жаңа тәсілдің арқасында аса күрделі отаны бір уақытта жасауға мүмкіндік туып отыр.
Мәселен, кішкентай Нұрай Бағдаулеттің дүние есігін ашқанына 3-ақ ай болыпты. Гидроцефалия синдромына іште жатқанда шалдыққан сәби жүктіліктің 28-ші аптасында туылған. Диагноз қойылғаннан кейін өткен жылы қараша айында оған бірден ота жасалды. Қазір шеберлік класы барысында тағы да ем алды.

«Сәбидің миы дін-аман. Сұйықтық тек ми қарыншасына түскен. Менің білуімше, бұрын баланың басына қойылатын шунтты әр 5 жыл сайын ауыстыру қажет болатын. Бүгін қойған шунттың өмір бойы тұратынын естіп қуанып қалдым. Біздің нейрохирургтарымыз бен неміс елінен келген маманның арқасында операция сәтті өтті. Бұйырса, жұма күні ауруханадан шығамыз», – дейді анасы Толқын Талдыбаева.

Балаларды ауруханада емдеуге, дәрі-дәрмекке, операцияға қажетті материалдар құны МӘМС қаражаты есебінен төленді. «Милосердие» қоры шетелден дәрігер шақырып, шеберлік класын ұйымдастырды. Соның арқасында ата-аналар баласын шетелге апарып емдету машақатынан құтылды.

Дәрігерлердің айтуынша, басына ота жасалған балалардың бәрінен де жақсы нәтиже көруге болады. Жалпы, тез қалпына келу үшін мұндай операцияларды мейлінше ерте, бала кішкентай кезінде жасаған дұрыс. Өткен жылы №2 ауруханада «ми гидроцефалиясы» диагнозы қойылған 200-ге жуық балаға осындай операция жасалған.