Әрбір бала отбасында өмір сүріп, тәрбие алуға құқылы

2023 жылдың 22 мамырында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновпен кездесті. Балаларға арналған интернаттық мекемелерді деинституционализациялау және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық нысандарына көшу тақырыбына арналған отырысқа  оқу-ағарту, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика және қаржы вице-министрлері де қатысты.

Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын 1994 жылы ратификациялады. Осылайша мемлекет осы құқықтарды қорғау міндеттерін алды, оның ішінде балалардың қалыпты отбасылық өмірін қамтамасыз ету құқықтары бар. Бүгінгі күні Қазақстан барлық күш-жігерін балаларды мектеп-интернаттарда тәрбиелеу жүйесін деинституционализациялауға бағыттап, әрбір баланың отбасында өмір сүру және тәрбие алу құқығын жүзеге асырмақ.

Көптеген ҮЕҰ мен қайырымдылық қорлар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауда бірігіп жұмыс істеуде. Мемлекеттік органдармен бірлесіп істелген бұл жұмыс өз нәтижесін берді (біз қалағандай жылдам болмаса да): Қазақстандағы балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны соңғы жылдары 4 есеге жуық азайған – 2010 жылы 14 052 болса, қазір 3 790 құрады. Жетімдікті алдын алу жүйесінің өзі де жақсы жаққа өзгеруде. Енді балаларды жабық мекемелерде ұстаудың ескірген жүйесін жою үшін балалар үйлерінен толық бас тарту керек.

Қазіргі жағдайды және әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, балаларды орналастырудың ең тиімді түрі мемлекеттік мекемелерді алмастыратын кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу болып отыр (Кәсіби асырап алушы отбасылар: қалай болады). Бұл заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, сондай-ақ жүйенің өзін өзгертуді талап етеді.

Бөбектер үйлері тәуекел тобындағы балаларға ерте көмек көрсететін және балалық шақтағы мүгедектіктің алдын алатын ерте араласу орталықтарына айналуы керек. Ал балалар үйлері – қиын өмірлік жағдайдағы балалар мен отбасыларға көмек көрсететін (баланы тастап кетудің алдын алу мақсатында), сондай-ақ осы отбасылар мен асырап алушы отбасыларды қолдайтын мен бақылайтын оқытудың, оның ішінде мемлекеттік орган міндеттерінің барлық аспектісін қамтитын (қамқоршылық, әлеуметтік қорғау, медицина, әділет, құқық қорғау және қадағалау және т.б.) әлеуметтік қызмет көрсетудің тиімді моделі енгізілетін орталықтарға айналуы тиіс.

Барлық баланы отбасына орналастыру мүмкін емес (баланың өзі қаламауы мүмкін), сол үшін отбасылық нысандағы орталықтар бар, олар Қазақстанда да бар – мәселен, «Қазақстанның SOS балалар ауылдары» корпоративтік қоры немесе отбасылық үлгідегі «Ковчег» балалар үйлері.

Кезінде «Ана үйі» қоғамдық қоры мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балаларды бағып-қағуға кететін шығындарға талдау жүргізген. Талдау көрсеткендей, отбасылар мен интернаттардағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бюджет шығыстарының жалпы сомасы 33,6 млрд теңге, бұл сома келесідей бөлінеді:

— бағып-қағудың отбасылық нысанындағы 18 616 балаға – 7,5 млрд теңге (жылына бір балаға орта есеппен 402 879 теңге);

— балалар мекемелеріндегі 4 916 балаға – 26,1 млрд теңге (жылына бір балаға орта есеппен 5 309 194 теңге).

Яғни мемлекеттік мекемелерде бала тәрбиелеуге кететін шығын отбасындағы балалардан 13 (!) есе көп.

Бұл кәсіби отбасылар институтын, асырап алушы отбасылар институтын, балалар ауылдары мен отбасы үлгісіндегі орталықтарды дамытуға қосымша қаржыландыру қажет емес екенігін көрсетеді. Демек қолда бар қаражаты шегінде трансформация жасау әбден мүмкін.

Балалар омбудсмені Аружан Саин мен «Ана үйі» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Анар Рахымбаеваның Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновпен өткен кездесуінде осы және басқа да маңызды мәселелер талқыланды. Кездесуге оқу-ағарту (Еділ Оспан), денсаулық сақтау (Вячеслав Дудник), еңбек және халықты әлеуметтік қорғау (Назгүл Сағындықова), ұлттық экономика (Бауыржан Омарбеков) және қаржы (Дәурен Кеңбейіл) вице-министрлері де қатысты.

Қазірдің өзінде Парламен, Үкімет, Президент Әкімшілігі және ҮЕҰ-мен талқылаулар жүргізіліп, кәсіби отбасылар туралы заң қабылдау туралы шешім қабылданды. Заң жобасымен жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылы осы заңды қабылдап, барлық қажетті құқықтық актілерді әзірлеу міндеті тұр.