Мамандық – болашақтың бастауы

2021 жылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин ведомствоаралық онлайн-кездесуге қатысты. Кездесудің басты тақырыбы балаларға арналған мекемелер түлектерінің техникалық және кәсіптік білім беру мәселелерін талқылау болды.

Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер жүргізген жиын Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың сөзімен ашылды.

Осыдан кейін БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау ерекшеліктері туралы айтты.

Ол «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңының 15-бабына сәйкес, а) әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлетінін, б) мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтеретіні жайлы еске сала кетті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 қаулысына сәйкес жетім және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері 1% деп бекітілген.

«AYALA» қайырымдылық қорының коммуникация жөніндегі вице-президенті Наталья Еськова техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы қайырымдылық қызметінің тәжірибесімен бөлісті.

Оның айтуынша, қор 2015 жылдан бастап балалар мекемелерінің тәрбиеленушілеріне жоғарғы сыныптарда мамандық алуға мүмкіндік беріп, жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беру ісімен белсенді айналысып келе жатқанын айтты. Бұл балалар үйінің түлектеріне

өзін-өзі қамтамасыз ете алуға және мемлекеттің қолдауына тәуелді болмауға мүмкіндік береді.  Олар алдымен мектеп-интернаттарында және балалар үйлерінде тігін және ағаш шеберлігін оқытуға арналған шеберханалар ашудан бастаған. Бақылаған, нәтижелерді талқылаған. Кейін шаштараз, қоғамдық тамақтану орындарында қымет атқару,  тіпті,  бағдарламашыларды дайындауға кіріскен. 

Қорытындысында:

  1. халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын балаларға «балық» емес, «қармақ» беру керек, әсіресе орта білім алып жатқан кезде; 2) қайырымдылық тиімді болуы керек, демеушілер қанша баланың өмірін жақсы жаққа өзгертуге көмектескенін білуге ​​мүдделі; 3) кәсіптік бағдар берудің сәтті немесе сәтсіз болуы әрдайым мекеме директорының үдеріске араласуына байланысты.

Сондай-ақ кездесуге БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, түрлі ҮЕҰ және білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңестері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың өкілдері қатысты.