Балалар омбудсменіне жеке заң қажет

2021 жылдың 11 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның қатысуымен «Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын әзірлеу және заң жобасының тұжырымдамасын ұсыну бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Презентацияны осы заң жобасын жасаушылардың бірі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қуат Рахымбердин жасады.

Кездесуге осы жылдың қаңтар айында парламенттік сайлау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісіне (төменгі палатасына) өткен Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) белгілі қайраткерлері қатысты – жұмыс тобының үйлестірушісі,  Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро директорының орынбасары – Роза Ақылбекова,  «Қазақстан дағдарыс орталықтары» ЗТБ басқарма төрайымы және ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі – Зүлфия Байсақова, «Қазақстан Балалар қоры» ҚҚ басқармасының төрайымы және  Дүниежүзілік балалар қорлары қауымдастығының вице-президенті – Эльвира Ватлина, ҚХП парламенттік фракциясының  мүшесі –  Ерлан Смайлов, ХҚП ОК хатшысы және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы ҰАТ үйлестіру кеңесінің мүшесі – Олжас Сыздықов.

Құқық қорғаушылар «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңды қабылдаудың қаншалықты маңызды екенін айтты. Себебі Қазақстанға бұл ұсынымдар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің және БҰҰ Комитетінің баяндамаларында берілген.  2021 жылдың 15 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттары алдында сөйлеген сөзінде де  уәкілетті өкілдер институтын нығайту қажеттілігіне тоқталып өткен еді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты 2002 жылғы 8 тамыздағы No 345-II «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтар туралы» ҚР Заңының 7-1-бабында алғашқы рет бекітілген болатын.

Бірақ тек 2016 жылғы 9 сәуірдегі No 501-V «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңы балалар омбудсменінің өкілеттіктерін айқындайтын 7-2 бабымен толықтырылды.

Дегенмен бүгінгі күні бұл да жеткіліксіз. Қазақстанда 18 миллион халықтың үштен бірі 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер. Бала құқықтарының бұзылу көрсеткіші жыл сайын артуда, БАҚ пен әлеуметтік желілерде балаларға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық фактілері жиі пайда болуда. Сондықтан   мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, кеңсе жұмысын, Қазақстанның барлық аймағындағы өкілдіктерін айқындайтын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жеке заң қажет. Осы жағдайда ғана балалар омбудсмені елдегі балалар құқығын тиімді қорғаудың барлық құралына ие бола алады.