Заңның күшіне енуінен бір ай бұрын

2021 жылдың 30 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды жүзеге асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық онлайн-кездесуге қатысты.

2020 жылдың 30 желтоқсанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялармен  барынша қамту мақсатында мемлекеттік мәдени және спорттық тапсырыстар мен олардың жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру тұжырымдамалары заңнамалық тұрғыдан бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Алайда  жалғыз Заң жеткіліксіз болады. Заң 1 мамырдан бастап толықтай жүзеге аса бастауы үшін нормативтік құқықтық актілер (НҚА) әзірленіп, барлық уәкілетті министрлік және ведомстволармен келісіліп, парламент пен үкімет мақұлдауы керек.

Заңға тәуелді актілер жиынтығының ресми жобасы 26 ақпанда уәкілетті орталық және жергілікті атқарушы органдардың қарауына жіберілді. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша өткен онлайн-кездесу мемлекеттік тапсырысты енгізуге деген дайындықтың деңгейіне арналды.   Кездесуді Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары Олжас Смағұлов жүргізді.

Отырысқа Мәдениет және спорт (МСМ), Білім және ғылым (БҒМ), Қаржы (ҚМ), Әділет(ӘМ), Ұлттық экономика (ҰЭМ), Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі (ЦДИАӨМ) министрліктерінің,  сондай-ақ «Қаржы орталығы» АҚ және басқа да мемлекеттік ұйымдардың басшылары қатысты (келісім бойынша).

Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары мен балалар омбудсменінің негізгі сұрақтары МСМ мен ЦДИАӨМ өкілдеріне қойылды. Олар өз презентацияларында мемлекеттік тапсырыс ақпараттық жүйесінің архитектурасын (ЦДИАӨМ),  аймақтардың жағдайында мемлекеттік тапсырысты орындауға дайындық деңгейі және нормативтік құқықтық актілердің барысын көрсетті (МСМ).