Ұстаздарды ғана емес, ата-аналарды да оқыту керек

2021 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шердің төрағалығымен,  Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл  Аружан Саинның қатысуымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен онлайн-кездесу өтті.

Кездесуге Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшылары, қамқоршылар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Кездесу Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың сөзімен басталды.  Содан кейін «Отбасылық тәрбие институты» ЖШС бас директоры София Евдокимова ата-аналарға арналған халықаралық онлайн мектебтің бағдарламасымен таныстырды.  

Ол Отбасылық тәрбие институты Қазақстанның елордасында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 2010 жылдың 8 қарашасында ашылғанын еске сала кетіп,  10 жыл ішінде сынып жетекшілері мен мектеп психологтарының біліктілігін арттыру сияқты көптеген жоба жүзеге асырылғанын атап айтты. Бірақ COVID-19 коронавирус пандемиясының салдарынан мектеп оқушылары қашықтықтан білім алуға, ал ата-аналар қашықтан жұмыс істеуге көшкен кезде ата-аналардың көпшілігінде өз балаларымен,  мұғалімдермен, сынып жетекшілермен үнемі қарым-қатынас жасауда қиыншылық бар екенін байқатты.  Осыған байланысты ата-аналарды үш тілде психологиялық-педагогикалық сауаттылыққа оқытуға арналған «София» онлайн-бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Бағдарламаны жасаушылар мәселенің әлеуметтік жағын да ұмытпаған: бағдарламаға мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері де қосыла алады. Отбасылық тәрбие институтына бұл бағыт бойынша ұзақ уақыттан бері инклюзивті түзете-дамытпалы оқыту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу бойынша жоба әзірлеп жүрген «Co-Make» ҚҚ көмектескен.  Көпшілік назарына 2020 жылдың қазан айында ұсынылған ата-аналарды оқыту онлайн-мектебі аз уақыт ішінде жақсы нәтижелер көрсетуде.

Осыдан кейін Алматы қаласы ҚДБ мамандандырылған сәбилер үйінің әлеуметтік қызметкері  Анар Дүмшебаева балаларды қандас отбасыларымен қайта қосу бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Қандас отбасында тәрбиелену баланың қажеттіліктері мен мүдделеріне толық сәйкес келетіні бәрімізге мәлім. Балалар мен ата-аналардың қайта қосылуы барысында балаларға арналған мекемелердің ұйымдастырылған әрі жүйелі  көмек көрсетуі өте маңызды.

Бұл ретте әлеуметтік мамандардың баламен жеке жұмысына, сондай-ақ баланың биологиялық ата-аналарымен  және жақын ортасымен тығыз қарым-қатынас құруына  ерекше көңіл бөлінеді. Жақын орта мүшелері, біріншіден, отбасына қолдау көрсетеді,  екіншіден, қандас отбасына қайтару үрдісі сәтсіз шыққан жағдайда баланы қамқорлыққа ала алады.

Қазақстандағы балалар үйлері санының азаюын жағымды тенденция деп атап өткен Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаға білім, білік және дағды сияқты ересек өмірге қажетті қабілеттерді отбасы  бере алады деген идеяны қолдады.  Сондықтан балаларды қандас отбасыларына қайтару балалар үйлерінің ең маңызды іс-шарасына айналуы керек.

.