Ұсталған кәмелетке толмағандар жайлы

2022 жылдың 3 мен 7 ақпаны аралығында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның тікелей қатысуымен жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған тоғыз кәмелетке толмаған бала ешқайда кетпеу тілхатымен, ата-анасының/қамқоршысының қадағалауымен тергеу изоляторларынан босатылды.

Елдегі қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Балалар омбудсмені Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросымен (АҚҚХБ), Азаптауға қарсы ҮЕҰ Қазақстан Коалициясымен және «Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі» Қазақстан ҮЕҰ жұмыс тобымен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың қамалуының мән-жайын анықтау бойынша бірқатар шара қабылдады. Осы мақсатта ҮЕҰ өкілдері және дәрігерлер кәмелетке толмағандармен тергеу изоляторларында кездесті.

Он кәмелетке толмаған бала бойынша келіп түскен ақпарат пысықталды. Кездесуден кейін кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен халықаралық құқық нормаларын, атап айтқанда Қазақстан Республикасы 1994 жылы ратификациялаған БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясының 37-бабын сақтау мақсатында, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл аймақтық прокуратура органдарына және Бас прокуратураға хат жолдады.

Қазіргі күні Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, 7 ақпанда Алматы облысында жеті кәмелетке толмағанға қатысты бұлтартпау шарасы «қамауға алудан» «қарауда ұстауға» өзгертілді, 3 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында ешқайда кетпеу тілхатымен кәмелетке толмаған бір бала босатылды, ешқайда кетпеу шарасымен 7 ақпан күні Алматыда тағы бір кәмелетке толмаған бала босатылды.

Осылайша, БП түскен тізім бойынша тоғыз кәмелетке толмаған күдікті ешқайда кетпеу тілхатымен және ата-анасының/қамқоршысының қадағалауымен босатылды, біреуі (Алматы қ) қамауда қалды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, оның қорытындысы бойынша әрбір кәмелетке толмаған күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар, Балалар омбудсмені әрбір кәмелетке толмағанның жасаған әрекетін саралауды сұрады.

Коалиция ата-аналардың/қамқоршылардың өтініші бойынша кәмелетке толмағандарға адвокаттық көмек көрсетті.

Ересектердің дәлелсіз ұстау және қамалғаннан кейін азапталу туралы шағымдары бойынша негізгі жұмысты Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, «Адам құқықтары жөніндегі хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова және Азаптауларды болдырмаудың Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) мүшелері жүргізеді.