Ұлттың генофондын сақтап қалу

2022 жылдың 7 қазанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин онлайн-режимде «Қазақстан халқының репродуктивті әлеуеті» атты II халықаралық республикалық  ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, қатысушылардың алдында сөз сөйледі.

Мақсаты «республикалық, аймақтық және аумақтық деңгейде халықтың репродуктивтік әлеуетін арттырудың кешенді бағдарламаларын әзірлеу бойынша іс-шараларды айқындау» деп көрсетілген конференция «Қазақстан халқының репродуктивті әлеуеті жөніндегі қауымдастықтардың республикалық альянсының» ұйымдастыруымен өтті.

Аталмыш ұйым президенті м. ғ. д. Айкерм Дощанованың айтуынша қазіргі таңда Қазақстан халқының репродуктивті денсаулығының көрсеткіші теріс тенденциямен сипатталады, бұған бедеулік пен түсік жасату, ана өлімі мен гинекологиялық аурулардың жоғары деңгейі дәлел. Халықтың репродуктивті денсаулығын жақсартып, оның репродуктивті әлеуетін қалпына келтіру арқылы ғана ұлттың генофондын сақтап, халықтың ұдайы өсуіне оң әсер етуге болады. Ал репродуктивті денсаулыққа қамқорлық танытуды дүниеге келген күннен бастау керек! Бұл жайлы «Балалар жылы» деп жарияланған 2022 жыл әсіресе ұмытпағанымыз абзал.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин өз сөзінде Дощанова ханымды қолдап, баланың денсаулығы, ең алдымен, оның әкесі мен анасының денсаулығына байланысты екенін атап өтті. Сондықтан балалар мен жасөспірімдерге денсаулықты бала кезден қалай сақтау керектігі жөнінде жүйелі түрде тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Болашақ аналар мен әкелерді өз-өзіне күтім жасауды үйрету – конференцияға қатысушылар атқарып жатқан жұмыстың үлкен бөлігі, және бұл жұмыстың нәтижесі ел азаматтарының денсаулығын анықтайды.

Балалар омбудсмені мен еліміздегі жетекші балалар гинекологтарының бірі, м. ғ. к. Гуля Назарқызы Әлімбаева денсаулық сақтау саласы тарапынан қазақстандық жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейтіні жайлы мәселені талай көтерген еді. Оның үстіне, кадр тапшылығы, гинекологиялық кабинеттер мен ауруханалардың нашар жабдықталуы, қыздарға гинекологиялық көмек көрсететін арнайы қызметтің жоқтығы сияқты бірқатар проблема көп жылдан бері шешімін таппай келеді.

Сондай-ақ жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау өте маңызды. Себебі ерте араласу кезеңінде анықталған тәуекелдер болашақта мүгедектердің санын айтарлықтай азайтуы мүмкін. Скринингтік және оңалту шараларының көмегімен балалардың функционалдық мүмкіндіктерін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Қорытындылай келе, Балалар омбудсмені азаматтардың денсаулығы үшін күресіп жүрген дәрігерлерге алғысын білдірді.

Конференция барысында қатысушылар – денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар және қазақстандық жетекші дәрігерлер – акушерлер, гинекологтар, эндокринологтар, терапевттер, хирургтар, онкологтар, репродуктологтар және т. б., репродуктивті әлеуеттің төмендеуіне әкелетін балалық шақ ауруының маңызды мәселелерін, клиникалық хаттамаларды жаңарту мен енгізуді, жағдайды жақсартудың тиімді шараларын белгілеуді талқылады.

Секциялардың атауларын атап өткеніміз жөн: «Ювенология. Қыздар мен ұлдар ауруларының алдын алу», «Бедеу неке», «Әйелдер денсаулығы мәселелерін шешудегі жаңа тенденциялар», «Жамбас қуысының проблемалары», «Онкопатология және репродуктивті потенциалдың төмендеуі», «Ерлер денсаулығының мәселесі», «Гинекологиялық эндокринологияның мәселесі», «Репродуктивті потенциалға әсер ететін акушерлік мәселе».