Үкім күшінде қалды

Қарағанды ​​облыстық сотының апелляциялық алқасы «Сәтпаев ісі» бойынша бес жасар қызды ұрлап, зорлауға қатысы бар деп сотталған екі айыпталушыға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл қыздың ата-анасына тегін (pro bono) заңгерлік көмек көрсеткен адвокат Гауһар Айтжанованың сіңірген еңбегі.

Сәтпаевта орын алған қайғылы оқиғадан (23 шілде 2020 ж.) кейін Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин бірден зардап шеккен қыздың ата-анасымен және баланың өзімен кездесіп, іс жіті бақылауға алынған болатын.

Ата-анамен және Қарағанды ​​облысының полиция департаментімен тұрақты байланыста болған балалар омбудсмені қыздың ата-анасына тегін (pro bono) заңгерлік көмек көрсетуді сұраған еді. Алматылық адвокат Эльвира Боханова мен Сәтпаевтан қылмыстық істерде, атап айтқанда, балаларды қорғау саласында тәжірибесі мол Гауһар Айтжанова көмек көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді. Кәсіби әрі риясыз жәрдем берген адвокаттарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Сот отырысы жабық форматта өтті. Басты айыпталушы 62 жастағы ер адам сотқа жетпей тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Қалған екі айыпталушыға алқабилер соты  2021 жылдың 21 маусымында айыпталу үкімін шығарып, ерлі-зайыптыны «зорлау», «жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» және «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде ер адамға  өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы, ал оның жұбайына 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Үкіммен келіспеген сотталғандар апелляциялық шағым түсіргенімен, 2021 жылдың 27 қазанында апелляциялық инстанция бұл істі қарап, үкімді әділ деп таныған.

Бұл және осы сияқты оқиғалар Қазақстанда АҚШ (Федералдық куәгерлерді қорғау бағдарламасы, WPP, бұрынғы WITSEC) және басқа бірқатар елдердегі сияқты жәбірленушілер мен куәгерлерді қорғаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және қабылдау қажеттілігін растайды. Зардап шеккен балалар мен олардың отбасы мүшелері тұрғылықты жерін, аты-жөнін өзгертуге мүмкіндік алуы  керек (мемлекеттің толық қолдауы қажет!). Бүгінгі күні бұл мәселені азаматтар өз бетімен шешуге мәжбүр.Баланың тұлғасы мәлім болса, есейе келе, жаппай – мектепте, туыстары мен достарының арасында, т.б.,  ыңғайсыз сұрақтарға және көп жағдайда сәйкессіз серпіліске тап болып, баланың психологиялық денсаулығына орасан зиян келуі мүмкін.