ТМД елдерінің балалар омбудсмендері кездесті

2023 жылғы 5 маусымда ТМД елдерінің Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдері (Балалар омбудсмендері) комиссиясының бірінші отырысы өтті. Бейнеконференця байланыс режиміне Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин да қатысты.

2022 жылғы 12 қазанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ТМД елдерінің Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдерінің (Балалар омбудсмендерінің) комиссиясын құру туралы шешім қабылдады және Комиссия туралы Ережені бекітті.

Бұл шешімге алты мемлекет қол қойды, олардың өкілдері жаңадан құрылған Комиссияның құрамына кірді:

Армения Республикасынан: Анна Галустовна Карапетян, Адам құқықтарын қорғау Басқармасының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы және Анахит Левоновна Хачатрян, Адам құқықтарын қорғау басқармасының бала құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы;

Беларусь Республикасынан: Александр Николаевич Матюшонок, БР Білім министрлігі Тәрбие жұмысы және жастар саясаты бас басқармасының әлеуметтік-тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының басшысы;

Қазақстан Республикасынан: Оспанова Насымжан Жамбекқызы, Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы және Аружан Саин, Қазақстан Республикасындағы Балалардың құқықтары жөніндегі Уәкіл;

Қырғыз Республикасынан: Әсел Рыспекқызы Чынбаева, Қырғыз Республикасының Балалар құқықтары жөніндегі Уәкілі;

Ресей Федерациясынан: Мария Алексеевна Львова-Белова, РФ Президенті жанындағы Бала құқықтары жөніндегі Уәкіл;

Тәжікстан Республикасынан: Миджгона Бободжон Бободжонзода, Тәжікстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі Уәкіл.

Комиссия бірден отырыстың жылына екі рет өтетіні шешілді. Ал алғашқы кездесу Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылды.

2023 жылғы 5 маусымда Алматы уақыты бойынша сағат 14:00-де ТМД Бас хатшысы Сергей Николаевич Лебедев кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол Комиссияға тәжірибе алмасуға, халықаралық іс-шаралар аясында өзара іс-қимыл жасауға, балалардың және отбасы институтының құқықтық мәртебесін айқындайтын заңнаманы жетілдіру бойынша жобалық құжаттарды дайындауға мүмкіндік беретін кең өкілеттіктер берілгенін еске салды. Комиссия төрағасы болып сайланған Мария Львова-Белова, Қазақстан (Аружан Саин, Насымжан Оспанова) мен ТМД-ның басқа да елдерінің өкілдері бірлескен жұмыстан үлкен үміт күтетіндерін айтты.

Отырысқа қатысушылар күн тәртібіндегі келесі мәселелерді талқылады:

— балалардың құқықтарын қорғау саласындағы озық тәжірибелер туралы ақпарат алмасу туралы;

— балалардың құқықтарын қорғаудың заманауи мәселелері және осы мәселедегі азаматтық қоғам құрылымдарының рөлі туралы;

— Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстар аймағынан балаларды қайтару, оларды реабилитациялау және әлеуметтендіру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы;

— әскери іс-қимылдар нәтижесінде балалардың құқықтарының бұзылуы және оларды қамтамасыз етудің қиындықтары туралы;

— көші-қон жағдайындағы балаларға көмек көрсету туралы;

— кәмелетке толмағандардың киберқауіпсіздігі туралы;

— Комиссияның 2023–2024 жылдарға арналған жұмыс жоспары туралы.

Соңында қатысушылар отырыстың қорытындысын шығарып, Комиссияның келесі отырысын өткізу орны мен уақыты туралы келісімге келді.