Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі балаларға оңалтуға квота бөлу кезіндегі алаяқтықты тоқтатты

2022 жылдың  26 желтоқсанында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне балалардың оңалту еміне арналған квоталарды бөлу туралы заңнаманың бұзылуына ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның өтініші негізінде Балаларды оңалту ұлттық орталығы (БОҰО) қызметкерлерінің «University Medical Center» Корпоративтік қорынан заңсыз ақшалай сыйақы алу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген болатын.

Орталық қызметкерлерінің бірі мүгедек балалардың ата-аналарынан балаларды оңалту еміне квота бергені үшін 60-тан 100 мың теңгеге дейін ақша алғаны анықталды. Тергеу қорытындысы бойынша бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан алаяқтық схемаға тосқауыл қойылып, ата-анаға келтірілген залал толығымен өтелді.

Балаларды оңалту емімен қамтамасыз етуді тексеру барысында бірқатар проблема анықталды. Елімізде мұндай оңалту орталықтарының аздығы, ашық және жалпыға қолжетімді кезектің жоқтығы, сондай-ақ аймақтар бойынша квоталарды бөлудің біркелкілігі ата-аналардың сенімсіздігін тудыруда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысын талқылауға балалар омбудсмені Аружан Саин мен Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктен басқа, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының, «University Medical Center» КҚ және  БОҰО басшылары да қатысты.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында өңірлерде республикалық орталықтарға квота бөлу жөніндегі комиссиялар құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жақын арада оңалту еміне мұқтаж азаматтардың қоғамдық электронды кезегі іске қосылмақ. Бұл шаралар оңалту еміне мұқтаж адамдардың есебін жүргізуге мүмкіндік береді және оңалту бойынша көмек көрсету қызметінің ашықтығы мен айқындығы деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта БОҰО-ын жеке сектордан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына қайтару жұмыстары аяқталуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды күмәнді тұлғалардың қызметтерін пайдаланбауға және балаларды емдеу мен оңалтуға тек заңды негізде жәрдемақы алуға шақырады.