Қазақстан мен Нигериядағы балалардың құқықтарын қорғау туралы

2022 жылдың 8 маусымында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Нигериядан келген әріптестерін – Бірінші ханым кеңсесінің және Айша Бухари қорының басшыларын қабылдады. Тараптар Қазақстан мен Нигериядағы балалардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстың түрлі бағытын талқылап, балалар кардиохирургиясы мен мектептегі тамақтандыру үдерісін дамыту бойынша тәжірибе алмасуға келісті.

Нигерия Федеративті Республикасын (НФР) немесе жай ғана Нигерияны әдетте «Африка алыбы» деп атайды, өйткені 211 миллионнан астам адам тұратын ел – халық саны саны бойынша – дүние жүзінде Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Пәкістан және Бразилиядан кейін 7-ші орында.

Ел Конституциясында бірінші ханымның лауазымы белгіленбесе де, президенттің әйеліне «Жоғары мәртебелі» деген лауазым берілген, Бірінші ханымның кеңсесінің (Office of the First Lady) өз қызметкерлері мен ресми мөрі бар, және кеңсе үкіметпен қаржыландырылады. 2015 жылдың 29 мамырынан бастап Нигерияның бірінші ханымы ел президенті генерал Мухаммад Бухаридің әйелі – Айша М. Бухари.

Бірінші ханымның өкілдері сәрсенбі күні «Добровольное общество «Милосердие»  қоғамдық қорының кеңсесіне Қазақстанның балалар омбудсменімен кездесуге келді – Нигерияның бірінші ханымы кеңсесінің басшысы Мохаммед Сани Зорро, сонымен қатар ол НФР президентінің арнайы аға көмекшісі, Айша Бухари Қорының атқарушы хатшысы Сүлейман Саиду және осы қордың пресс-атташесі Ахмед Мұса Убандома.

Қазақстан мен Нигериядағы балалардың құқықтарын қорғау жұмысының жалпы мәселелерін талқылай келе, тараптар нақты мәселелерге көшті. Мысалы, Нигериядағы балалар кардиохирургиясының дамуына израильдік дәрігерлер үлкен үлес қосқан.

Дегенмен Қазақстан да өз үлесін қоса алар еді, себебі бізде Нұр-Сұлтан қаласындағы  бірегей Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық, Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, ОКА жүрек-қан тамырлары хирургиясы орталығы және Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы бар.

Ал мектептегі тамақтандыруға келетін болсақ, бұл жерде бізді мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, мектепте тамақтандырудың тұрақты ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылған әлемнің 100-ден астам елдерінің тізіміне енген Нигерия тәжірибесі қызықтырады. Әзірге – барлық бастауыш сынып оқушыларына арналған.

Әлемде бұл көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселе. Мемлекеттер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарында қамтылған (ТДМ) және БҰҰ жүйесінде Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) жүзеге асыратын ең маңызды міндетті мектептегі тамақтандыру арқылы шешеді: «адами капитал» (human capital) құру – адамның және жалпы қоғамның сан алуан қажеттілігін қанағаттандыру үшін пайдаланылатын халық денсаулығының, білімінің, дағдыларының, тәжірибесі мен әдеттерінің жиынтығы.

Нигерия тәжірибесі мектепте тамақтандырудың арқасында жас ұрпақтың денсаулығы жақсарып, сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімі артумен қатар, ел экономикасы да өз пайдасын алады деген тұжырымдарды растайды:

— мектептегі тамаққа салынған әрбір доллар 3$-дан 10 $-ға дейін ел экономикасына қайтарылады (WFP мәліметтеріне сәйкес);

— 100 000 оқушыға шаққанда 2 мыңға жуық тікелей жұмыс орны құрылады;

— ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті өндірушілер мен қайта өңдеушілерге қолдау көрсетілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Балалар омбудсмені ұсынған «Барлық мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру» реформасы әрбір оқушыны дұрыс тамақтанумен қамтамасыз етіп, бала ағзасының ақуыздарға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге және энергияға деген қажеттіліктерін өтеуге бағытталған.

Кездесу соңында Аружан Саин мен Нигериядан келген мәртебелі қонақтар тәжірибе алмасуды жалғастырып, екі елдегі балалар мен олардың отбасыларының жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауға келісті.