Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне есеп беруге дайындық үстінде

2020 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның XXVII отырысына қатысты. Кездесу ZOOM платформасында онлайн-конференция режимінде өтті.

Қазақстан Республикасы 1994 жылы ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенцияның 44-бабына сәйкес, БҰҰ-ның Бала құқықтары комитетіне үш рет есеп берді:

2003 жылы, 33-ші сессияда, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенция ережелерін орындауы туралы алғашқы есебі қаралды, 2007 жылы 45-сессияда 2 және 3 шоғырландырылған мерзімді есептер ұсынылды, және, ақырында, 2015 жылдың 16-17 қыркүйегінде Швейцарияның Женева қаласында 70-сессия барысында 4-кезеңдік есепті қорғады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) XXVII отырысы Қазақстанды БҰҰ-ның Бала құқықтары комитетіне кезекті баяндамаға дайындауға арналды. Отырысты комиссия төрағасы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ашты.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың және ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Амантай Әубәкіровтің баяндамалары БҰҰ-ның 70-ші сессиясының Бала құқықтары жөніндегі ұсынымдарын орындау бойынша өз ведомстволары жүргізген жұмыстарына арналды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина жергілікті атқарушы органдардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы, ал ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова балалардың кепілдендірілген тегін орта білімі мен мектепке келуін қамтамасыз ету туралы айтты.

Аружан Саин балаларға қатысты кез-келген зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аудара отырып, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретіндегі жұмысының бірінші жылының нәтижелері бойынша  қысқаша мәлімдеме жасады.