Қарулы қақтығыс аймақтарынан балалар мен әйелдерді репатриациялау және олардың қоғамға тиімді бейімделу тәжірибесін зерделеу

2021 жылдың 26 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин   «Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды репатриациялау және реинтеграциялау тәжірибесі» атты  онлайн-конференцияға қатысты.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бастамасымен өткізілген және үш сағаттан астам уақытқа созылған конференцияның басты мақсаты – тәжірибе алмасу, Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарындағы балалар мен әйелдерді репатриациялау кезіндегі жетістіктер мен қиындықтарды талқылау,  оларды қоғамға тиімді интеграциялау үшін үздік ұсыныстар беру болды. 

– ЮНИСЕФ озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруге қуанышты. Бәріміз бірге қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балалардың құқықтарын қорғау үшін бірлесе жұмыс атқарып келе жатқандықтан, біз осы конференцияға қатысып отырған барлық елмен серіктестігімізді ары қарай жалғастырамыз деп үміттенеміз, – деді конференцияны ашқан Афшан Хан, ЮНИСЕФ Еуропалық және Орталық Азия кеңсесінің аймақтық директоры және Еуропадағы босқындар мен мигранттардың проблемаларына байланысты мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралардың арнайы үйлестірушісі.

Аружан Саин балаларды Ирактан Қазақстанға қайтару операциясына қатысу тәжірибесімен бөлісті. Балалар омбудсмені азаматтары ИМ қарулы құрамаларына қатысқан әлемдегі 100-ден астам елдің ішінде Қазақстан алғашқылардың бірі болып, 2019 жылы қақтығыс  аймақтарынан отандастарын шығара бастағанын еске салды.

«Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары барысында мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың үйлесімді жұмысы, сондай-ақ шетелдік серіктестермен тығыз әрекеттестіктің арқасында Сирия және Ирактағы қақтығыс аймақтарынан 600-ден астам қазақстандық азамат қайтарылды, оның ішінде 425 бала.

Балалар омбудсмені өз Отанына оралған әйелдер және балалармен үнемі байланыста болды, балалардың физикалық және психологиялық жағдайына ықылас танытты, қиындыққа тап болған аналар мен қамқоршылардың мәселелерін шешуге көмектесті.

Конференцияға қатысушылар алаңдаушылық тудыратын бағыттарды анықтап, серіктестік пен тиімді ынтымақтастықты нығайтудың жолдарын талқылады.