Оңтүстік Корея қайырымдылық сәлем-сауқат жіберді

2022 жылдың 22 ақпанында «АРДИ» ҚБ оңалту орталығының мәжіліс залында Оңтүстік Корея халқынан қайырымдылық көмек ретінде келген  7 200 дана қорғаныс бетпердесін (ересектерге арналған) табыстау шарасы өтті. Шараға Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Пак Нэчхон, «АРДИ» ҚБ төрайымы Әсия Ахтанова және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин қатысты.

Мүгедек балалардың ата-аналарының қауымдастығы (АРДИ)  өз балаларына көмек қолын созуға құлшынған ата-аналардың бастамасымен 1991 жылдың желтоқсан айында құрылған. Осылайша Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға арналған алғашқы ҮЕҰ болды. Қазіргі уақытта АРДИ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 745 отбасына қамқорлық жасайды, оның 370-і мүгедектер арбасына таңылған.

2004 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және физикалық даму Орталығы жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Орталықта ЦСА (церебралды сал ауруына) шалдыққан және ТҚА бұзылған (тірек-қимыл аппараты) 1,5 және 30 жас аралығындағы 167 адам кешенді оңалту курсынан өтуде.

2018 жылдың шілде айында Болат Өтемұратов Қоры, «Позитив Үміт»ЖҚБ және «Милосердие» еріктілер қоғамы» ҚҚ  қолдауымен 250 балаға арналған «АРДИ» қарқынды оңалту және ерте араласу орталығы ашылды. Орталық ЦСА және ТҚА бұзылған балаларды оңалтуда  кешенді пәнаралық ыңғай, үздіксіз және ерте араласу сияқты әлемдік үздік әдістер мен заманауи тәсілдерді енгізген. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап  Орталық мемлекеттік тапсырыс бойынша МӘМС арқылы айына 50-60 балаға күндізгі стационарда үш кезеңдік медициналық және амбулаторлық оңалтуды  жүзеге асырады.

Осылайша Орталықта күніне 220-230 бала оңалту курсынан өтеді. Ең бастысы – барлығы тегін! ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «АРДИ» қауымдастығын Қазақстанның басқа ҮЕҰ үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету тәжірибесін таратудың үлгілік алаңы ретінде таңдауы кездейсоқ емес. 

Екі орталықтың дәрігерлері, медбикелері мен педагогтарының жұмысы COVID-19 коронавирустық инфекциясынан берік қорғалуы өте маңызды. Сондықтан Корея Республикасы қайырымдылық ретінде  жіберген жеке қорғаныс құралдары – PPF2 класты 7 200 дана бетперде дәл уақытында  келді деуге болады.

Шара барысында сөз сөйлеген Пак Нэчхон мырза «АРДИ» Орталығында оңалту курсынан өтіп жатқан балалардың зор жетістіктерін атап өтті, сондай-ақ «елдеріміздің географиялық алыстығына қарамастан Корея әрқашан Қазақстанмен жақын дос болғысы келеді» деді. Өз кезегінде Аружан Саин күрделі диагноз қойылған қазақстандық балаларды емдеуде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі туралы айтты. «АРДИ» ҚБ атынан сөз сөйлеген Әсия Ахтанова Бас консулға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.

Осы орайда Оңтүстік Корея тарапы табыстаған  қорғаныс бетпердесінің сапасын ерекше атап өткен жөн. KF94 респираторы электростатикалық фильтрация қабатының арқасында тыныс алу органдарын зиянды бактериялар мен вирустардан тиімді қорғайды. Маска өте жеңіл гипоаллергенді тоқылмаған материалдың 4 қабатынан тұрады және құрамында латекс жоқ. Үшөлшемді дизайнның арқасында ауыз бен бетперде арасында ыңғайлы кеңістік бар, бұл оңай тыныс алу мен сөйлесуге мүмкіндік береді және далаб немесе сілекей дақтарын болдырмайды. Ауа өткізетін жеңіл материал мен масканың бетке тығыз орналасатыны көзілдірікті буландырмайды. Жұмсақ матадан жасалған дөңгелек жиекке ие дизайн ұзақ уақыт таққанның өзінде ыңғайсыздық тутырмайды және теріні тітіркендірмейді. KF94 «PAULMADE» респираторларының ілмегі созылмалы жұмсақ матадан жасалған, ілмекке арнайы тоға-білезік салынған. Сондықтан ол бетперде таққан кезде құлақ қажалуын болдырмайды.