Министрліктер мен аймақтар Жол картасы бойынша есеп беруде

2021 жылдың 2 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

Бейнеконференция режимінде өткен отырысты ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ашты.

ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Садвокасова өз ведомстволарындағы Жол картасын іске асыру барысы жайлы мәлімдеді.  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова инклюзивті білім беру және балаларды түзеу арқылы қолдау  мәселелеріне айрықша тоқталып өтті.

Сондай-ақ, онлайн-жиналыста  Қазақстанның түрлі аймағында Жол картасын жүзеге асыру бойынша баяндамалар жасалды – Түркістан облысы (баяндамашы – облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев), Қарағанды ​​облысы (баяндамашы – облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров), Маңғыстау облысы (баяндамашы – облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова), Шығыс Қазақстан облысы (баяндамашы – облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтығұтов), Ақмола облысы (баяндамашы – облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова) және Шымкент қаласы (баяндамашы әкімінің орынбасары – Шыңғыс Мұқан).

Өз кезегінде, балалар омбудсмені кездесуге қатысушылардан мүмкіндігі шектеулі балалар әрдайым орталық және жергілікті атқарушы органдардың көмегіне сенім артуы үшін қолдан келгенді жасауды өтінді.