БҰҰ бала құқықтары туралы

Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқығы туралы конвенциясы – өзіне балалардың құқықтарын қорғауға міндеттеме алған елдерде ратификацияланған маңызды келісім.

Бала құқығы туралы конвенцияда балалардың кім екендігі түсіндіріледі, сондай-ақ олардың барлық құқықтары мен үкіметтің міндеттемелері тізіліп көрсетіледі. Барлық құқықтар өзара байланысты, олардың бәрі бірдей маңызды және оларды балалардан бөлек қарастыру мүмкін емес.


1 бап: «Бала» жайлы анықтама

18 жасқа толмаған әрбір адам бала болып табылады

2 бап: Кемсітушілікті болдырмау
Әрбір бала нәсіліне, түр түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де сенім-нанымдарына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік жағдайына, баланың денсаулығының және туылуының жай-күйіне немесе өзге де жағдайларына қарамастан барлық құқыққа бірдей ие. Бірде-бір бала әділетсіздікке ұшырамауы керек. Бұған ешқандай себеп жоқ.


3 бап: Баланың мүдделерін қорғау
Шешім қабылдау барысында ересектер алдымен бұл шешімдердің балаларға қалай әсер ететіндігі жайлы ойлануы керек. Ересектердің барлық әрекеті балалардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Үкметтер бала үшін жауапкершілікті мойнына алған оның ата-анасының, қамқоршыларының немесе басқа да адамдардың құқықтары мен міндеттерін назарға ала отырып, баланың игілігі үшін қажетті қорғау мен қамқорлықты қамтамасыз етуге міндеттенеді және осы мақсатпен барлық тиісті заң шығару және әкімшілік шараларын қабылдайды.


4 бап: Құқықтарды іске асыру
Үкіметтер елдегі әрбір бала Конвенцияда бекітілген құқықтарды пайдалана алуы үшін барынша жағдай жасауы қажет.


5 бап: Баланың есею барысындағы отбасының жетекшілік рөлі
Үкіметтер отбасылар мен қауымдастықтарға балаларына жетекшілік етуге мүмкіндік беруі керек, осылайша балалар есею барысында өз құқықтарын тиімді пайдалану мен жүзеге асыруды үйрене алады. Бала неғұрлым есейген сайын басқалардың жетекшілігін соғырлым қажет етпейтін болады.


6 бап: Өмір сүру, аман қалу және даму
Әрбір баланың өмір сүруге құқығы бар. Үкіметтер барынша мүмкін дәрежеде баланың тірі қалуын және денсаулығының мықты болып дамуын қамтамасыз етеді.


7 бап: Аты-жөні мен азаматтығы
Баланың дүниеге келген сәттен бастап тіркеуге алынып, есімі қойылып, азаматтық алуға құқығы бар. Бала мүмкіндігінше өзінің ата-анасын білуге және олардың қамқорлығына ие болуға құқылы.


8 бап: Даралық
Балалар жеке басының даралығын, азаматтығын, есімін және отбасылық байланыстарын сақтау құқығына ие. Олардың жеке даралығына заңсыз араласуға жол берілмейді. Алайда мұндай жағдай орын алған болса, үкіметтер балаларға жеке басынның даралығын тез қалпына келтіру үшін барынша көмек көрсетуі керек.


9 бап: Отбасы тұтастығын сақтау
Баланы ата-анасынан айыруға болмайды. Ондай жағдай тек баланың мүддесін қорғау үшін ғана орын алуы тиіс. Мысалы, егер бала қажетті ата-аналық күтім көрмесе немесе ата-анасы балаға қатігездік танытатын болса. Егер бұл балаға зиян тигізбесе, ата-аналары бөлек тұратын балалар екі ата-анасымен де тікелей байланыста болуға құқылы.


10 бап: Басқа елде тұратын ата-аналармен байланыс
Егер бала мен оның ата-анасы әртүрлі елдерде тұратын болса, үкметтер бала мен оның атанасына қарым-қатынастарын жалғастыруы үшін елдер арасындағы шекараларды өтіп тұру құқығын беруі керек.


11 бап: Ұрланудан қорғау
Үкіметтер балаларды елден заңсыз алып кетуге тыйым салуы керек, мысалы, егер бір ата-анасы келісімін бермеген жағдайда екінші ата-анасының баланы шетелге ұрлап әкетуі немесе баланы шетелде ұстап қалуы.


12 бап: Баланың көзқарастарын құрметтеу
Бала өзіне қатысты барлық мәселе бойынша көзқарасын еркін білдіруге құқылы. Ересектер баланың пікіріне құлақ асулары қажет.


13 бап: Пікірді еркін білдіру
Бала өз пікірі мен сезімін жазбаша, ауызша, сурет арқылы немесе басқа түрде еркін білдіруге құқылы, тек бұл басқа адамдарға зиянын келтірмеуі керек.


14 бап: Ой және дін бостандығы
Балалар ойлау, пікір білдіру және діни сенім бостандығына құқылы, алайда бұл басқалардың құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірмеуі керек. Ата-аналар немесе қамқоршылар балаға есею барысында осы құқықты дұрыс пайдалануды үйрету үшін жетекшілік жасай алады.


15 бап. Қауымдастық еркіндігі
Бала өзі қалаған топтарға қосылуға немесе топтар мен ұйымдар құруға құқылы, тек бұл басқа адамдарға зиянын келтірмеуі керек.


16 бап: Жеке өмір құқығын қорғау
Әрбір баланың жеке өмірге құқығы бар. Заң балалардың жеке және отбасылық өміріне, үйіне, қарым-қатынасы мен беделіне (немесе жақсы атына) кез-келген заңсыз қол сұғудан қорғауы керек.


17 бап: Ақпаратқа қолжетімділік
Балалар Интернеттен, радиодан, теледидардан, газеттерден, кітаптардан және басқа да ақпарат көздерінен ақпарат алуға құқылы. Ересектер балалар алатын ақпараттың оларға зиян тигізбейтіндігіне көз жеткізуі керек. Үкіметтер бұқаралық ақпарат құралдарын балалардың рухани және мәдени дамуына ықпалын тигізетін, оларға түсінікті тілде материалдар таратуға ынталандыруы қажет.


18 бап: Ата-ананың жауапкершілігі
Баланың тәрбиесі үшін негізгі жауапкершілік ата-аналардың мойнына жүктеледі. Егер баланың ата-анасы болмаған жағдайда, бұл жауапкершілік «қамқоршы» деп аталатын басқа ересек адамға жүктеледі. Ата-аналар мен қамқоршылар әрдайым баланың мүддесі үшін әрекет етуі тиіс. Үкіметтер оларға көмектесуі керек. Егер баланың екі ата-анасы бар болса, онда баланың тәрбиесіне екеуі бірдей жауапты.


19 бап: Зорлық-зомбылықтан қорғау
Үкіметтер баланы ата-аналар немесе басқа адамдар тарапынан болатын зорлық-зомбықтың барлық түрлерінен, немқұрайлылық пен қиянат көрсетушіліктен қорғауы қажет, сондай-ақ ересектерден қатыгездік көрген балаға көмектесуге міндетті.


20 бап: Отбасылық ортадан айырылған балалар
Отбасынан айырылған кез келген бала үкімет тарапынан арнайы қорғау мен көмек алуға құқылы. Үкімет балаға қажетті тәрбие мен күтімді қамтамасыз ету үшін оның тілін, дінін, мәдениетін құрметтейтін адамдарға баланы тапсыра алады.


21 бап: Асыранды балалар
Асырап алу кезінде балалардың мүдделерін қамтамасыз ету өте маңызды. Мысалы, егер басқа отбасымен тұрып жатқан бала өз елінде тиісті күтімді ала алмаса, оны басқа елде асырап алуға болады.


22 бап: Босқын балалар
Өз елінде қалу қауіпті болғандықтан босқын ретінде басқа елге көшкен балалар көмек пен қорғау алып, сол елде туған балалармен бірдей құқықтарға ие болуы керек.


23 бап: Мүмкіндігі шектеулі балалар
Мүмкіндігі шектеулі әрбір бала қоғамда барынша лайықты өмір сүруге құқылы. Үкіметтер мүмкіндігі шектеулі балалардың барынша тәуелсіз болуын, қоғам өміріне белсенді қатысуын, яғни толыққанды өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек.


24 бап: Денсаулық, су, тамақтану, қоршаған орта
Әрбір бала өз денсаулығын сақтау үшін дәрігерлік көмек алуға, таза су ішуге, таза және қауіпсіз ортада өмір сүруге және толыққанды тамақтануға құқылы. Барлық ересектер мен мен балалар денсаулықты сақтау жайында толық ақпаратпен қамтамасыз етілуі тиіс.


25 бап. Баланың тұрмыстық жағдайы
Тұрғылықты жері баланың мүддесіне сай келетініне көз жеткізу үшін күтімге, қорғауға немесе емделуге алынған қамқорлықтағы әрбір баланың өмір сүру жағдайы мен ахуалын үнемі тексеріп отыру қажет.


26 бап: Әлеуметтік және материалдық көмек
Үкімет жағдайы нашар отбасылардағы балаларға қаржылай немесе басқалай көмектесуі керек.


27 бап: Тамақ, киім, қауіпсіз тұрғын үй
Балалар өздерінің толыққанды дамуы үшін тамаққа, киімге және қауіпсіз тұрғын үйге құқығы бар. Үкіметтер бұл құқықты жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ отбасылар мен балаларға көмектесуі керек.


28 бап: Білім алуға қолжетімділік
Әрбір бала білім алуға құқылы. Бастапқы білім алу тегін болуы тиіс. Ал одан кейінгі берілетін орта және жоғары білім әрбір бала үшін қолжетімді болуы керек. Балаларды қабілеттеріне сәйкес келетін мектептік білім деңгейін алуға талпындыру қажет. Мектептегі тәртіп зорлық-зомбылықсыз және баланың адамдық қадір-қасиетін құрметтеуге бағытталған тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы тиіс.


29 бап: Білім алудың мақсаттары
Білім алу баланың жеке тұлғасын, дарыны мен қабілетін ашып, оларды дамытуға көмек көрсетуі керек. Сондай-ақ өз құқықтарын түсінуге, ата-аналарын құрметтеуге, сонымен қатар басқалардың құқықтарын, мәдениеті мен өзгеше ерекшеліктерін құрметтеуге ықпал етуі тиіс. Білім алу оларға бейбіт өмір сүруге және қоршаған ортаны қорғауға көмектесуі керек.


30 бап: Азшылық топқа жататындардың мәдениеті, тілі және діні
Балалар өз тілінде сөйлеуге, өз дінін ұстануға, халқының әдет-ғұрыптарын сақтауға құқылы.Ттіпті олар тұрғылықты халықтың қолданысында болмаған жағдайда да.


31 бап: Бос уақыт, ойындар, мәдениет, өнер
Әрбір баланың демалуға, ойнауға, сондай-ақ мәдени және шығармашылық іс-шараларға қатысуға құқығы бар.


32 бап: Зиян келтіретін еңбек жағдайынан қорғау
Балалар денсаулығына қауіп төндіретін, білім алуына немесе дамуына кедергі келтіретін жұмыстан қорғалуға құқылы. Егер балалар жұмыс жасаса, олар қауіпсіз орта мен әділ еңбекақы алуға құқылы.


33 бап: Зиянды заттардан қорғау
Үкіметтер балаларды қауіпті есірткіні пайдаланудан, өндіруден, тасымалдаудан немесе сатудан қорғауы керек.


34 бап: Жыныстық қанаудан қорғау
Үкіметтер балаларды жыныстық қанаудан және жыныстық зорлық-зомбылықтан, соның ішінде балаларды ақша үшін жыныстық қатынасқа мәжбүрлейтін немесе сексуалдық мазмұндағы фотосуреттер мен бейнелер шығаруға қатысатын адамдардан қорғауға міндетті.


35 бап: Сату мен саудалау жағдайларын алдын алу
Үкіметтер балалардың контрабанда арқылы басқа елдерге немесе озбырлыққа душар болуы мүмкін жерлерге ұрлауына немесе сатылуна жол бермеу үшін бар күш-жігерін салуы қажет.


36 бап: қанаудан қорғау
Балалар қанаудың (пайдаланудың) барлық түрінен қорғалуға құқылы, тіпті кейбірі осы Конвенцияда көрсетілмеген болса да.


37 бап: Бас бостандығынан айырылған балалар
Заңды бұзды деп айыпталған балаларға өлім жазасы, азаптау, қатыгездік, өмір бойына бас бостандығынан айыру, ересектермен бірге түрмеге отырғызу сияқты жазалар қолданылмауы керек. Бас бостандығынан айыру тек ақырғы шара ретінде және мүмкіндігінше қысқа мерзімде қолданылады. Бас бостандығынан айырылған балалар құқықтық қорғауға жүгінуге және отбасымен байланыста болуға құқылы.


38 бап: Қарулы қақтығыс кезіндегі қорғау
Әскери қақтығыс кезінде балалар қорғалуға құқылы. 15 жасқа толмаған балаларға әскерге баруға, соғысқа қатысуға рұқсат етілмейді.


39 бап: Қалпына келтіру
Қатыгездіктен, қанаудан немесе қарулы қақтығыстан зардап шеккен балалар көмек алуға, денсаулығын қайта жақсартуға құқылы.


40 бап: Заң бұзушы балалар
Заңды бұзған балалар қажетті көмекке жүгінуге және оларға әділетті түрде қарауға құқығы бар. Оларға қоғамның жақсы азаматы болуға қажетті көмек көрсетілуі тиіс. Оларды бас бостандығынан айыру тек ақырғы шара болуы қажет.


41 бап: Балаларға жанашыр заңдар
Егер елдің заңнамасы балалардың құқықтарын осы Конвенцияға қарағанда жақсырақ қорғайтын болса, онда сол елдің заңы бірінші кезекте қолданылуы қажет.

42-бап: Баланың құқықтары жайлы бәрі білу керек
Үкіметтер бала құқықтары туралы Конвенция жайлы ақпаратты кеңінен таратуы қажет.


43-54 баптар: Конвенцияның ережелері қалай жүзеге асырылады
Бұл баптарда Үкіметтер, Біріккен Ұлттар Ұйымы (соның ішінде Бала құқықтары жөніндегі комитет және ЮНИСЕФ) және басқалар бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін қандай әрекеттер жасауы қажет жайлы ақпаратты қамтиды.

Бұл құжат БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеттің қолдауымен дайындалды. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының орыс тіліндегі толық мәтінімен БҰҰ сайтында танысуға болады