БҚҚК тексереді және ескертеді

2021 жылдың 30 маусымында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен онлайн режимдегі кездесуге қатысты.

Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер модераторлық еткен жиынды Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ашты.

Қазақстан мектептерінде жазғы демалыс басталды. Ыстық ауа-райында қараусыз қалған балалар кез келген су айдынына – көлдерге, тоғандарға, өзендерге, каналдарға және суарма арықтарға, көбінесе шомылуға мүлдем жабдықталмаған жерлерге баруға бейім. Нәтижесінде қайғылы жағдайлар орын алуда: 2021 жылдың басынан бері 115 адам суға батып кетті, оның 55-і балалар. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Исхар Савазов су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтау қаншалықты маңызды екенін айтты.

Бір жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан COVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемиясын тек жаппай вакцинация жасау арқылы тоқтатуға болады. Бүгінгі күні қазақстандықтарға вакциналардың төрт түрі қол жетімді – қазақстандық «QazVac» (QazCovid-in), ресейлік «Sputnik V», қытайлық «Sinopharm-BBIBP» (Hayat-Vax) және «CoronaVac». 2021 жылдың 29 маусымындағы жағдай бойынша бірінші компонентпен 3,2 миллионнан астам адам, ал екіншісімен 2 миллионға жуық адам вакцинацияланды. Жетім және  қараусыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне келетін болсақ, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті(БҚҚК) Жекелеген санаттағы балалардың өмір сүру сапасын бақылау және қамтамасыз ету басқармасының басшысы Махаббат Бегалинаның мәлімдеуінше, 83 ұйымның 4966 қызметкерінің 3078-і (62%) вакцинациядан өткен, 412-сінде (8%) медициналық қарсы көрсетілім бар, 1476-на (30%) вакцина егілмеген. Қорытындысында: көрсетілімі төмен ұйымдарда вакцинация қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында БҒМ БҚҚК 2021 жылдың 9-11 маусым аралығында Шығыс Қазақстан облысының бірнеше білім беру ұйымының қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізілді. Олар – Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат (Семей қ.), Өскемен қаласының білім бөлімі, Өскемен қаласы денсаулық сақтау басқармасының мамандандырылған балалар үйі, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты (Серебрянск қ), Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Үміт» балалар үйі (Өскемен қ). Профилактикалық бақылаудың нәтижелерімен БҚҚКЖекелеген санаттағы балалардың өмір сүру сапасын бақылау және қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Әйгерім Ақпанбекова бөлісті.

2021 жылдың 24 маусымында Алматы облысы Панфилов ауданы Лесновка ауылының жанындағы «Күншуақ» жазғы лагерінде «Жаркент қаласы интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының» тәрбиеленушісі 14 жастағы Владимир Голиков серуендеу кезінде жоғалып кетті. Келесі күні оның денесі өзеннен табылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы ақпараттық жазбаны Алматы облысы білім басқармасы бастығының орынбасары Жаңыл Сүлейменова оқып берді.