Бірлесе жақсылық жасау

2020 жылдың 23 желтоқсанында «Милосердие» ерікті қоғамы» ҚҚ кеңсесінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин «Қамқор жүрек» қайырымдылық қорының негізін қалаушылар Виктория Шарбону және Элизабет Турнокпен кездесті. Әлеуметтік саладағы халықаралық стандарттарда тәжірибесі мол  әріптестермен кездесу  қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету жолында ынтымақтастық құру мәселелерін талқылауға бағытталды.

Мәселе балаларға қол ұшын беру, осы бағытта тәжірибе алмасып, ынтымақтастық құруға келгенде барлық шекара мен тілдік кедергілер жойылады. Сонау 2002 жылы Виктория мен Элизабет еріктілер делегациясы құрамында Қазақстанға келген. Елімізге сүйіспеншілігі оянған жандар осында қалып, қайырымдылық жұмыстарын ары қарай жалғастыруға бел буыпты. Олар құрған «Қамқор жүрек» қоры жетім, мүгедек,  көмекке мұқтаж балаларға, сондай-ақ жалғызбасты аналарға көмек көрсетеді.

2017 жылы Виктория мен Елизабет «АЛТЫН ЖҮРЕК» Ұлттық сыйлығымен марапатталды. Қордың қызметіне қазақстандық азаматтардың қолдау көрсетіп отырғаны қуанышты жайт. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қамқор жүрек» орталығына қосымша алаң алуға көмектескен.

Кездесуге  «Dentons» компаниясының  Қазақстан мен Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Айгүл Кенжебаева мен менің құрбым,  Қазақстан Республикасының халық әртісі Жания Әубәкірова қатысты.