Білім министрлігінің алқасында 2020 жыл бойынша есеп беріліп, 2021 жылға арналған жоспарлар талқыға түсті.

2021 жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі алқасының кеңейтілген онлайн отырысына қатысты.

Алқа отырысын ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылы атқарған жұмыс қорытындылары мен  2021 жылға қойылған міндеттерін баяндаумен  ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ашты. 

Кейін министрдің  үш вице-министрі сөз сөйледі – Шолпан Каринова өз сөзінде мектепке дейінгі, орта және техникалық, сондай-ақ кәсіптік білім беруді дамытудың проблемалық мәселелеріне тоқталды, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің сапасын арттыру, ғылымды дамытудың негізгі бағыттары мен білім беру саласын цифрландыру туралы Мирас Дауленов баяндады, Бибігүл Асылова бюджетті жоспарлау мәселелерін балалардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерімен байланыстыру жайлы айтты. 

Аружан Саин да балалар тақырыбын жалғастырды, ол өз сөзінде балалардың әл-ауқатын жақсарту және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ұлттық саясатты жетілдірудің практикалық мәселелеріне тоқталды.

Кездесуді қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов білімді және үйлесімді дамыған ел азаматтарын тәрбиелеу үшін қосымша білім беру мен шығармашылық үйірмелердің рөлін ерекше атап өтті.